Еліміздің 4 облысына Ұлттық ұлан сарбаздары көмекке аттанды

су тасқыны
Фото: Ұлттық ұлан

АСТАНА. KAZINFORM – Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы халықаралық және республикалық маңызы бар автожолдардың 4300 метрін еріген қар суы басты.

Ақтөбе, Атырау, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында жалпы ұзындығы 463 км болатын республикалық маңызы бар 8 автомобиль жолының учаскелерінде қозғалыс шектелген.

Жоғарыда аталған аудандардың тұрғындарына гуманитарлық көмек, атап айтқанда ауыз су, нан, гигиеналық құралдар шұғыл қажет. Мұнда ҚР Ұлттық ұланының әскери қызметшілері – ұшақтар мен тікұшақтардың ұшқыштары халыққа көмекке келді.

су тасқыны
Фото: Ұлттық ұлан

Қазіргі уақытта ұшқыштар басқа аймақтардың тұрғындары, корпорациялар, сондай-ақ көрші мемлекеттерден жиналған 140 тоннаға жуық гуманитарлық жүкті жеткізді. Өз кезегінде, ұландықтар 600 тоннадан астам жүк түсірді. Гуманитарлық көмектің негізгі бөлігі Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарына жіберілді.

Бүгінгі күні әскери қызметшілер полиция қызметкерлерімен және құтқарушылармен бірлесіп су тасқыны салдарын жою жұмыстарын жалғастыруда, сондай-ақ су тасқынына қарсы іс-шаралар мен авариялық-құтқару жұмыстары, еріген суларды айдау, инертті материалдары бар қапшықтарды төсеу, су айдындарының жағалауды нығайту жұмыстары, каналдар мен арық жүйелерін тазарту, адамдарды қауіпсіз орындарға көшу жөнінде құлақтандыру және эвакуациялау жүргізілуде.

су тасқыны
Фото: Ұлттық ұлан

Мәселен, Атырау облысында 5546 (Атырау қ.) және 5451 (Қарағанды қ.) әскери бөлімдерінен 600-ге жуық құқықтық тәртіп әскері тартылды. Бұдан басқа, 6506 әскери бөлімінің (Шымкент қ.) 300 әскери қызметшісі және 5547 әскери бөлімінің (Қызылорда қ.) жеке құрамының 200 адамы Батыс Қазақстан облысында жағалауды нығайту жұмыстарына, қапшықтарды дайындауға және салуға көмектеседі. Сонымен бірге, 5517 әскери бөлімінің (Орал қ.) 80 әскери қызметшісі патрульдік бекетте қызмет атқарады. Тағы 300-ге жуық сарбаз су тасқынына қарсы іс-шараларда жергілікті халыққа көмек көрсетеді.

6655 әскери бөлімінің (Ақтөбе қ.) 400-ден астам әскери қызметшісі патруль бекетінде қызмет атқарады. Ұландықтар күндіз-түні су басқан аумақтарда болады, олар тұрғындардың үйлерінде мүліктерінің жоғалмауын қадағалауда. Қауіпсіздік мақсатында сарбаздар азаматтарды су басқан үйлерге жібермейді. Әскери қызметшілер тонау әрекеттерінің алдын алу үшін бар күшін салады.

гуманитарлық көмек
Фото: Ұлттық ұлан

Су тасқыны салдарын жоюға Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының қалалары мен кенттерінде 6697 (Қостанай қ.) және 6637 (Петропавл қ.) әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері, ҚР Ұлттық ұланы Академиясының курсанттары белсенді қатысады. Оларға елордалық жедел бригаданың тәртіп сақшылары көмекке жіберілді. Солтүстік аймақтардағы Ұлттық ұланның күштері 400-ден астам адамды құрайды.

«Жалпы, су басқан өңірлерде су тасқынының алдын алу және жою үшін полицейлермен, құтқарушылармен және еріктілермен бірлесіп су тасқынына қарсы іс-шараларға белсенді қатысатын 3000-нан астам әскер тартылды. Ұландықтар 120-дан астам автокөлік техникасын пайдаланады, 1769 адам эвакуацияланды, 1 миллион 101 мың қап дайындалып, төселді»,-делінген ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Соңғы жаңалықтар