Еліміздің барлық өңірінде психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істейді
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл 9 айдың ішінде психологиялық қолдау орталықтары 23 мыңнан астам адамға көмек көрсетті. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі жариялады.
Оның ішінде шамамен 14 мың бала, 9 мыңнан астам ата-ана жеке консультация мен психологиялық көмек алған.
— Егер сіз зорлық-зомбылыққа, қатыгездікке тап болсаңыз немесе бала қауіпсіздігіне қатер төнгенін байқасаңыз, психологиялық қолдау орталығына жүгініңіз. Мамандар балалар мен ата-аналарға кәсіби көмек көрсетіп, құпиялылықты және қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, — делінген ақпаратта.
Аталған орталықтардың қызметі Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттылығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023–2025 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында жүзеге асырылып келеді.
Бұған дейін тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдерге психологиялық қолдау ауадай қажет екендігі туралы жаздық.
Сондай-ақ психологиялық қолдау орталықтарының жұмысы қалай реттелетіні туралы жарияладық.