Еліміздің ғылымына қаржы бөлмеген алпауыт компанияларды тексеру керек — депутат

АСТАНА. KAZINFORM — Жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың қазірге дейін ғылымға нақты қанша қаржы бөлгенін, оның қайда жұмсалғанын қатаң тексеру керек. Бұл ұсынысты бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Нартай Сәрсенғалиев айтты.

нартай сәрсенғалиев
Фото: Мәжіліс

«Ал біздегі жағдай қалай? Отандық ғылымға бөлінетін қаражат „жетім қыздың жүгіндей“ болып тұр. Әлем, келесі кезекте ғылымның қай саласында тыңнан түрен саламыз, қай биікті бағындырамыз деп жүргенде, біз ғылымға ақшаны қайдан табамыз деп түбі тесік қалтамызды түрткілеп отырмыз. Содан кейін елден ақылды бастар кетіп жатыр деп сан соғатынымыз және бар. Ғылымға жауаптылардың „жалпы ішкі өнімнің кем дегенде 1 проценті ғылыми зерттеулер мен өндіріске жұмсалса“ деп жақ сауып айтып жүргеніне талай жылдың жүзі болды. Бірақ жыл сайын тек бюджетке қол жаюға мәжбүр. Биыл Республикалық бюджеттен ғылымды қаржыландыруға 204 млрд теңге қарастырылған. Бұл сома 2025 жылы 242,6 млрд теңгеге, 2026 жылы 259,5 млрд теңгеге жетеді. Бір елдің ғылымын аяққа тұрғызып, дамыту үшін бұл қаржы жеткіліксіз. Дегенмен, онсызда ішер ас, киер киімге жарымай, жұмыссыздықтан қиналып жүрген жұрттың аузынан артық ақшаны жырып алу мүмкін емес, оған ешкім құқығы да жоқ!», — деді Н. Сәрсенғалиев Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына жолдаған сауалында. 

Бұл тұрғыда ол осы мәселеде бюджетке салмақ салмай шешім жасаудың тәсілі бар екенін айтты.

«Ол талап заңда тайға таңба басқандай жазылған. Яғни, Қазақстанның жерасты байлығын қалағанынша игеріп, қисапсыз қаржы тауып отырған компаниялар ақшасының 1 пайызын ғылымды дамытуға беруі тиіс. Заңда солай көрсетілген. Бар болғаны 1 пайызын ғана. Бірақ сол талаптың өзін көкпарға салған алып компаниялар отандық ғылымды бюджетке мөлитіп қойды. Қазақтың жеріндегі байлықты барынша қазып отырған жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың сол 1 пайыз қаржысын ғылымға жолдап жатқаны жөнінде ашық ақпарат жоқ. Ғылымның нақты қай саласына қаржылық қолдау көрсетілгені туралы да анық дерек жоқ. Жер байлығын білгенінше игеріп, қымбатшылықтан әбден зәрезап болған қазақ халқының ғылымын дамытуға ақшасының 1 пайызын қимай, заңды тиісінше орындамай отырған компанияларды қатаң тәртіпке шақырар кез келді», — деді депутат.

Оның пайымынша, жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың қазірге дейін ғылымға нақты қанша қаржы бөлгенін, оның қайда жұмсалғанын қатаң тексеру керек.

Сонымен қатар, жер қойнауын пайдаланушы компаниялар ғылымға деп бөлген 1 пайыз қаражатқа жасалатын ғылыми жобаларға арнайы ашық байқау жариялауы тиіс. Қай жобаның ұтқаны, оған қанша теңге аударылғаны анық көрсетілуі қажет.

«1 пайыздық межені орындамаған компанияларға заңға сәйкес шара қолдану керек. Жер қойнауын пайдаланушы компаниялар ғылымға деп бөлген қаржыны орталықтандырудың тетігін іздеу керек. Сол үшін арнайы қор құрып, ғылымды қолдауға арналған қаражаттың барлығы соның қамбасына аударылуы тиіс. Бұл қордың жұмысын тәуелсіз комиссия бақылауы керек, оның құрамына қоғам белсенділері міндетті түрде кіруі қажет», — деді депутат.

Соңғы жаңалықтар