Т-72-ден «Смерчке» дейін: Қазақстан әскері қандай техникамен жабдықталған

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның әскери бөлімдері мен бөлімшелері барлық қажетті техникалармен және құрылғылармен қамтамасыз етілген. ҚР Қорғаныс министрлігінен алған ресми жауап негізінде солардың бірқатары туралы ақпарат ұсынамыз.

Еліміздің қарулы күштері құрамындағы әскери техникалар
Коллаж: Kazinform / Nano Banana

Т-72 танкі – Құрлық әскерлері құрамаларындағы негізгі жауынгерлік техника. Ол «Қазақстан Инжиниринг» кәсіпорнында толық жаңғыртудан өткен және атысты басқарудың заманауи жүйесімен жабдықталған.

Т-72 танкі
Фото: Қорғаныс министрлігі

Сонымен қатар жаңа байланыс құралдарымен және қазіргі заманғы қорғаныс жүйелерімен қамтылған. Жоғары сапасы мен қауіпсіздік деңгейінің арқасында бұл танкі бәсекеге қабілетті және заманауи шетелдік аналогтардан кем түспейді.

Жаяу әскер жауынгерлік машинасы (БМП-2) кез келген жағдайда – шөлді және таулы жерлерде, сондай-ақ жаудың оғы қарша бораған шайқас алаңында да қолданылады. Тіпті, суды да жүзіп өте алады.

Жаяу әскер жауынгерлік машинасы (БМП-2)
Фото: Қорғаныс министрлігі

Жауынгерлік машинада 30 мм автоматты зеңбірек, танкке қарсы басқарылатын зымырандар мен пулемет орнатылған. Ол құрлықтағы және әуедегі нысандарды да атып түсіре алады.

БTР-82A жаңа нұсқасы жетілдірілген барлау мүмкіндіктеріне ие. БТР-де 30 мм калибрлі, жылдам атылатын автоматты зеңбірек және 7,62 мм калибрлі жұптастырылған пулемет орнатылған.

БTР-82A жаңа нұсқасы
Фото: Қорғаныс министрлігі

Бұл атысты асқан дәлдікпен және тиімділікпен жүргізуге мүмкіндік береді. Жауынгерлік машинаның алдыңғы модельдерден айырмашылығы – сапасы жақсартылған, әртүрлі сынақтарға төзімді және мүмкіндіктері кеңейтілген. Ол су кедергісін де оңай еңсереді.

240 мм өздігінен жүретін 2С4 «Тюльпан» минометі – мықты бекіністердің тасасындағы командалық пунктер мен жау техникасын жоюға арналған ең қуатты миномет жүйелерінің бірі. «Тюльпан» кәдімгі және түзетілетін миналарды атуға қабілетті.

240 мм өздігінен жүретін 2С4 «Тюльпан» минометі
Фото: Қорғаныс министрлігі

Салмағы 130 келіден асатын минаны 18 шақырым қашықтыққа дейін атады. Осындай әр жарылғыш зат қалыңдығы 3 метрлік бетонды тесіп өтеді. Техниканың шынжыр табаны ойлы-қырлы, тегіс-батпақты жерлермен емін-еркін қозғалады. Ал автоматтандырылған бағыттау жүйесінің арқасында атқан минасы нысанаға дөп тиеді. Осындай сипаттамалары ең күрделі тапсырмаларды орындауға жол ашады.

300 мм 9к58 «Смерч» дүркіндеп ататын реактивті жүйесі қарсыластың 90 шақырым қашықтықтағы техникаларын асқан дәлдікпен жояды. 12 бағыттаушы қондырғысы бар.

300 мм 9к58 «Смерч» дүркіндеп ататын реактивті жүйесі
Фото: Қорғаныс министрлігі

Әр оғының жарықшақтары 67 гектарға дейінгі аумаққа шашырайды. Жүйені ұрысқа дайындау үш минутты алады, ал толық артиллериялық дүркіндеп ату 38 секундта орындалады. Жұмысын аяқтағаннан кейін, батарея бірден позициясын өзгертіп, атыс аймағын бір минуттың ішінде тастап шығады.

«Стрела-10» зениттік-зымыран кешені әуе нысандарын 5 шақырымға дейінгі қашықтықта және 3,5 шақырымға дейінгі биіктікте жоюға қабілетті.

«Стрела-10» зениттік-зымыран кешені
Фото: Қорғаныс министрлігі

Кешен Құрлық әскерлерінің бөлімдері мен бөлімшелерін ұшақтар, тікұшақтар, қанатты зымырандар және ұшқышсыз ұшу аппараттары сияқты төмен ұшатын құралдардың әуе шабуылдарынан қорғауға арналған.

С-300ПС зениттік-зымырандық жүйесі ұшақтарды, стратегиялық қанатты зымырандарды, жедел-тактикалық баллистикалық зымырандарды ұшырады.

С-300ПС зениттік-зымырандық жүйесі
Фото: Қорғаныс министрлігі

Ол бір мезетте 75 шақырымға дейінгі қашықтықтағы 6 нысанаға оқ жаудырады, әр нысанаға 2 зымыраннан бағыттай алады.

«Бук-М2Э» зениттік зымыран кешені – әуе шабуылына қарсы қорғаныста ең заманауи кешендердің бірі.

«Бук-М2Э» зениттік зымыран кешені
Фото: Қорғаныс министрлігі

Ол жоғары барлау, атыс және маневрлік мүмкіндіктерді біріктіреді, сенімді әрі оңай жұмыс істейді.

«Барыс» брондалған дөңгелекті машиналары қашықтан басқарылатын «Сұңқар» және «Аңсар» жауынгерлік модульдерімен қаруланған.

«Барыс» брондалған дөңгелекті машиналары
Фото: Қорғаныс министрлігі

Бұл – қазақстандық «WSE» компаниясының мамандары әзірлеген жаңа қару-жарақ кешені. «Барыс» ауыр калибрлі соққыларға және артиллериялық снарядтардың сынықтарына төтеп бере алатын күшейтілген броньға ие. Сондай-ақ, машина миналардан қосымша қорғаныс қабатымен жабдықталған.

«ШАҒАЛА-М» ұшқышсыз авиациялық кешені бағдар бойынша автоматты режимде барлау, бақылау және нысанаға алуға арналған. Оны байланыс ауқымын арттыру үшін қайталағыш ретінде пайдалануға болады. Кешен ВОГ-25 соққы оқ-дәрілерімен жабдықталған.

«Самғау» экипажсыз қайығы жер үсті және су асты нысандарын барлауға және зақымдауға, акваторияны патрульдеуге және күзетуге бағытталған.

«Самғау» экипажсыз қайығы
Фото: Қорғаныс министрлігі

Модульдік дизайнның арқасында ол әртүрлі жауынгерлік тапсырмаларға тез бейімделеді. Басқару жүйесін, бағдарламалық-аппараттық кешенін толығымен отандық мамандар, яғни Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығының ғалымдары әзірлеген.

Айта кетейік, бұған дейін Атырауда әскери техниканың қозғалысына қатысты министрлік түсініктеме бергенін жазғанбыз.