Еліміздің қай аймағы ішімдік пен темекіге көп шығындалады

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық статистика бюросы жариялаған мәліметке сүйенсек, Шығыс Қазақстан мен Павлодар облысында, Алматы қаласында алкогольді сіміретіндер көп.

алкоголь и сигареты
Фото: Freepik

Жалпы, 2024 жылдың II тоқсанында республика тұрғындары алкогольдік сусындарға орташа есеппен 1642 теңге жұмсаған көрінеді.

Алкогольге жұмсалған шығын бойынша Шығыс Қазақстан облысы көш бастап тұр. Онда бір адамға орташа есеппен 4032 теңгеден келеді.

Одан кейін Алматы қаласы (3372 теңге), Павлодар (3092 теңге) және Солтүстік Қазақстан облыстары (3036 теңге) жайғасқан.

Бір қызығы, Алматы мен Астана мегаполистері арасындағы алшақтық екі есеге жуық. Сәйкесінше, 3372 және 1836 теңгеге тең.

Қызылорда облысының тұрғындары алкогольді жақтыра бермейтін сияқты. Бұл өңірде бір адамға шаққанда 274 теңгеден келеді.

Маңғыстау (364 теңге) және Ақтөбе (365 теңге) аймақтарында да көрсеткіш төмен.

Түркістан, Жамбыл, Атырау облыстары мен Шымкент қалаларында бір адамға орташа есеппен 600 теңгеден есептеліп отыр.

Темекіні тұтынуға келетін болсақ, шығындардың орташа көрсеткіші алкогольден едәуір жоғары – 4213 теңге. 

Бұл ретте темекіні жиі тұтынатындар Солтүстік Қазақстан (9566 теңге), Ақмола (9457 теңге) және Шығыс Қазақстан (8745 теңге) облыстарында тұрады екен.

Ең төмен көрсеткіш Түркістан облысында (842 теңге), Маңғыстау облысында (1074 теңге) және Шымкентте (1516 теңге) тіркелген.

Соңғы жаңалықтар