Еліміздің колледждерінде шетелдік оқу орындарының филиалдары ашылмақ

АСТАНА. KAZINFORM – Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін трансформациялау жол картасы әзірленіп жатыр. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына Министрлер кабинеті берген жауапта айтылған.

студенттер
Фото: Талғатжан Мұхаметбекұлы/Kazinform

- Шетелдік жетекші оқу орындарымен және компаниялармен ынтымақтастықты дамыту техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін (бұдан әрі - ТжКБ) дамытудағы басымдықтардың бірі саналады. Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру мақсатында Оқу-ағарту министрлігінің жанындағы жұмыс тобы ТжКБ-ны трансформациялау жөніндегі 2025-2027 жылдарға арналған жол картасын әзірлеуде. Онда ауыл шаруашылығы саласын қоса алғанда, даярлаудың әртүрлі бейіндері және филиалдар ашу бойынша ТжКБ ұйымдарының шетелдік колледждермен стратегиялық әріптестігін дамытуды ынталандыру жөніндегі шаралар көзделеді, - делінген жауапта.

Министрлер кабинеті мәліметінше, заңнамаға Қазақстан Республикасында халықаралық және шетелдік оқу орындарын және (немесе) олардың филиалдарын құру жөніндегі тиісті түзетулер белгіленген тәртіппен Парламент Мәжілісіне енгізілетін болады.

Бұған дейін жекеменшік және мемлекеттік колледж педагогтерінің жалақысы теңестірілетінін жазған едік.