Еліміздің көрнекті тұлғаларының қызметі ғылыми тұрғыдан зерттеледі – вице-премьер

АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздің көрнекті тұлғаларының қызметі ғылыми тұрғыдан зерттелмек. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенованың жауабында айтылған. 

көрнекті жазушы
Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

«Еліміздің көрнекті тұлғаларының қызметін ғылыми тұрғыдан зерттеу жөніндегі ұсынысыңыз орынды. Жалпы 2024-2026 жылдар аралығында «Елдің зияткерлік әлеуеті» атты ғылымның басым бағыты бойынша гранттық қаржыландыру аясында іргелі ғылыми зерттеулер жүргізу жоспарланған. Осыған байланысты Ғылым және жоғары білім, Мәдениет және ақпарат министрліктеріне ғылыми-зерттеу институттары және жоғары оқу орындарымен бірлесіп аталған мәселе бойынша ғылыми зерттеулер жүргізуді қарастыру туралы тапсырма берілді. Келіп түскен өтінімдер конкурстық негізде қаралып, белгіленген тәртіппен қаржыландыратын болады», - деді вице-премьер жауабында.

Оның атап өтуінше, бүгінгі таңда жоғары оқу орындары өздеріне берілген академиялық еркіндік аясында білім беру бағдарламаларын дербес әзірлейді.

«Тұлғатану» пәнінің элементтері кейбір жоғары оқу орындарының оқу бағдарламасында қамтылған. Еліміздің жоғары оқу орындарында көрнекті тұлғалардың қызметін дәріптеу мақсатында «Абайтану», «Марғұлантану», «Халелтану» және тағы басқа пәндер енгізілген. Жалпы, тарихи тұлғалардың ұлтқа қызметі бойынша жастардың тәлім алуына барлық жағдайлар жасалған», - деді Тамара Дүйсенова.

Соңғы жаңалықтар