Еліміздің өңірлерінде тартылған ет бағасы қанша
Kazinform агенттігінің тілшісі еліміздің қай қаласында баға төмен екенін анықтады.

Сарапшылар тартылған ет бағасының әртүрлі болуына бірнеше фактор әсер етеді деп есептейді. Бірінші себеп — тасымалдау шығыны. Шалғай өңірлер, сонымен бірге көлік инфрақұрылымы нашар облыс тұрғындары үшін ет бағасы да жоғары болатыны сөзсіз. Дайын өнім бағасының жоғары болуына сол да әсер етеді.
Сонымен бірге бағаға шикізаттың алыс-жақын болуы әсер етеді. Мал шаруашылығы жақсы дамыған өңірлерде ет те, тартылған ет те арзан.
Сонымен бірге бағаға тұрғындардың табысы әсер етеді. Табысы жоғары қалаларда (оған Алматы мен Астананы жатқызуға болады) баға жоғары болуы мүмкін. Сұраныс көп болса баға да өзгелерге қарағанда жоғары болары сөзсіз. Бір жағынан үлкен қалаларда дүкен мен супермаркет көп, бұл баға тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Ал шағын елдімекендерде таңдау аз, бұл бағаның жоғары болуына әкеп соғуы мүмкін.
Бағаға жылдың түрлі мезгілі, сұраныс (мереке кезінде өсуі ықтимал), ауа райы да әсер етуі мүмкін.

Өнімнің сапасы да (өндіруші фаршқа түрлі ет қосуы мүмкін) бағаға әсер етіп отырады.
Ең арзан тартылған сиыр еті Тараз қаласында сатылады. Мұнда келісі 2800-3500 теңге. Ал Ақтөбе мен Атырауда баға сәл жоғары. Мұнда келісі 3000-3500 және 3000-3800 теңге болып тұр. Келісі 3200 теңге болатын фаршты Көкшетаудың әлеуметтік базарынан сатып алуға болады.
Семей мен Қостанайда фарш бағасы 3400 теңге. Ал Петропавл, Түркістан, Қызылорда, Шымкентте фарштың келісі орта есеппен 3500 теңге. Қарағанды, Көкшетау мен Алматыда сиыр етінің фаршы 3600 теңге болып тұр. Жезқазған, Павлодар мен Ақтауда келісі 3800 теңгеден басталады. Ең қымбаты Өскемен мен Оралда (3900 тг) және Астанада (3999 тг) болып шықты.
Ең арзан тауық фаршы Қостанай қаласында сатылады. Мұнда келісі 726 теңге. Таразда баға — 850 теңге. Павлодар мен Көкшетауда тартылған тауық етінің келісі 1800 және 1900 теңге тұрады. Орташа баға Алматы (2000-2500 тг), Орал (2190 тг), Семей (2400 тг) және Ақтау (2400 теңге) қалаларында тіркелді. Ал Петропавл, Өскемен және Ақтөбеде одан сәл жоғары. Баға — 2500 теңге. Атырау, Қарағанды мен Жазқазғанда фарш бағасы 2600 теңгеден басталады. Ал Түркістанда 2700-3000 теңге, Астанада 2769-3035 теңге. Шамкентте тауықтың тартылған еті қымбат. Келісі — 3245 теңге.
Кейбір өңірде қой етінің фаршы да сатылады. Шымкентте фарштың бұл түрі арзан. Келісі 3500-3800 теңге. Түркістан мен Атырауда сәл қымбат. Мұнда баға — 3600-3800 және 3650-4000 тг. Қарағандыда қой етінің фаршы 3800 теңге тұрады. Ал еліміз бойынша ең қымбаты Жезқазғанда тіркелді. Мұнда фарштың келісі 4000 теңге.
Қазақстанда шошқа фаршы бар, бірақ өте аз. Мәселен Көкшетауда келісі 2400 теңге тұрады. Павлодар мен Қостанайда баға — 2500 теңге. Айтып өтейік, Қостанайда аралас фарш (сиыр мен шошқа еті) та сатылады. Баға 2800-3200 теңге. Ал ең қымбаты Шымкент қаласында. Мұнда шошқа етінің фаршы 4000 теңге тұрады.
Бұған дейін шай мен кофе, бұқтырылған ет, қымыз бен шұбат, бауырсақ пен шелек, ірімшік пен сүзбе, экзотикалық жеміс бағасы жазылды.