Қазақстанда экзотикалық жемістер қанша тұрады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандағы экзотикалық жеміс бағасы импорттайтын елге, маусымға, сапасы мен оның өлшеміне байланысты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Саудагерлердің айтуынша, экзотикалық жемістер Қытай, Перу, Пәкістан, Нидерланды, Бразилия, Тайланд және Колумбия, Кот-д’Ивуар, Мексика және Түркиядан әкелінеді. Экзотикалық жемістің қай-қайсысы да жоғары сұранысқа ие. Егер қазақстандықтар қандай да бір жемісті алмаса, тасымалданбас еді. Бағаны салыстыру кезінде экзотикалық жеміс көбіне Қостанай мен Қарағандыда арзан болып шықты. Ал Шымкентте баға жоғары.
Манго
Қазақстандағы дүкен сөрелерінен қызыл және сары мангоны кезіктіруге болады. Кейінгісінің бағасы өзгеге қарағанда жоғары. Қалалардағы жемістің бағасын салыстырсақ, Қостанайда арзан болып шықты. Мұнда әр данасын 510 теңгеге сатып алуға болады. Кей жерде баға 2100 теңге болып тұр. Мангоның орташа бағасы Петропавл (950 — 2500 тг), Қарағанды (1000 тг), Астана (1098 тг), Тараз (1200-1500 тг), Орал (1250 тг), Ақтөбе (1400 тг), Көкшетау (1500 — 2400 тг), Талдықорған (1500-2500 тг), Алматыда (1500- 3000 тг) тіркелді. Бұл бір данасының бағасы. Атырауда әр түйірі 1610 теңге, Павлодарда 1900 теңге. Ал ең жоғары баға Өскемен мен Семейде, (2000 тг), Қызылорда (2500 тг) мен Шымкентте (2625 тг) болып шықты.
Помело
Қазақстандықтар сатып алатын тағы бір экзотикалық жеміс — помело. Оның да сары және қызыл түрі бар. Екеуінің де бағасы бірдей. Қарағандыда 977 теңге, Талдықорғанда 1000 теңге болып тұр. Бұл Қазақстандағы ең төмен баға. Павлодарда (1300- 1610 тг), Петропавлда (1400 тг), Астанада (1408 тг), Көкшетауда (1485 -1800 тг) және Қызылордада (1500 тг) баға сәл жоғары. Алматыда — 1600 тг, Атырауда — 1620 тг және Оралда — 1950-2300 тг болып тұр. Өскеменде, Семейде және Таразда баға (2000 тг) жоғары. Ал ең қымбаты — Қостанайда. Мұнда помело бағасы — 3400 тг.
Ананас
Қазақстандықтар жемістің бұл түрін жиі тұтына бастады. Ананас бүтіндей және туралып (орташа баға — 1666 тг/кг) сатылады. Егер бір-бірлеп сатып алар болсақ, Қарағандыда (995 тг), Астанада (1299 тг), Көкшетауда (1350-2000 тг) және Павлодарда (1400-1670 тг) өзге өңірлерге қарағанда арзан. Қызылорда, Талдықорған мен Таразда баға — 1500 теңге. Одан кейін Алматыда (1600 тг), Оралда (1850-2950 тг), Өскемен мен Семейде (2000 тг), сонымен бірге Қостанайда (2100 тг) баға сәл жоғары. Ең қымбаты Шымкентте 3000 тг, Ақтөбеде 3200 теңге және Атырауда 3350 теңге болып тұр.
Авокадо
Авокадо қазір жоғары сұранысқа ие жеміске айналды. Бұл өнімнің пайдасы жиі айтылып жүр. Көбіне екі данасы 1200 -1600 тг сатылады. Егер әр түйірін бөлек есептесек, ең арзаны Петропавлда — 550 тг, Астанада — 651 тг және Қарағандыда — 604 тг болып тұр. Одан кейін Талдықорғанда — 700 тг және Көкшетауда — 700-900 тг. Авокадо Оралда 780-800 тг, Алматыда — 800-1000 тг, Ақтөбеде — 800-1300 тг, Қостанайда — 860 тг және Павлодарда — 900 тг сатылып жатыр. Авокадоның әр данасы Қызылорда, Өскемен мен Семейде 1000 тг. Ал ең қымбаты Шымкентте. Мұнда баға — 1350 — 1995 тг.
Питохайя
Питохайя ол — питайя немесе «айдаһар» жемісі. Атауы әртүрлі, соған сәйкес бағасы да бір-бірінен алшақ. Қазақстанда бағасы 800 — 2000 тг аралығында. Ең арзаны Қостанайда. Мұнда баға 780 теңгеден басталып, 1450 тг жетеді. Баға Талдықорғанда -1000-1500 тг, Қарағандыда — 1230 — 1400 тг, Қызылордада — 1300 тг. Шымкент, Тараз, Петропавл және Атырауда баға — 1500 тг. Оралда 1550-2500 тг, Көкшетауда — 1599 тг, Ақтөбеде — 1700 тг және Алматыда — 1800 тг сатылады. Питохайя Өскемен мен Семейде қымбат. Бағасы — 2000 тг.
Кокос
Экзотикалық тағы бір жеміс — кокос. Ең арзаны Қарағандыда сатылады. Мұнда баға — 414 тг. Оралда (750-1000 тг), Атырауда (850-1100 тг), Көкшетауда (900 тг), Қостанайда (900-1650 тг) және Астанада (1220 тг) сатылып жатыр. Өскемен, Семей мен Алматыда — 1500 тг. Баға Таразда сәл жоғары. Қазір 2000 тг болып тұр. Ал Шымкентте кокосты 4300 тг сатып аласыз.

Айта кетейік, бұған дейін ел аумағында қияр мен қызанақтың бағасы жазылды.