Еліміздің солтүстік және орталық өңірлерін газдандыру жұмыстары кеңейтіледі
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан халқын газдандыру деңгейін 80 пайызға жеткізу үшін магистральдық газ құбырлары мен өңірлік желілерді дамыту, сондай-ақ газ ресурстық базасын кешенді түрде кеңейту көзделіп отыр. Энергетика министрлігі осы мақсатта бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаны іске асыруды жоспарлап отыр.
Солтүстік өңірлерді газдандыруға арналған стратегиялық жобалардың бірі – «Есіл – Астана» газ құбыры. Оның іске асырылуы Астана, Көкшетау және Петропавл қалаларын сенімді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының екінші желісін салу жоспарланған. Бұл жоба газ тасымалдау жүйесінің өткізу қабілетін арттырып, елдің оңтүстік және орталық өңірлеріндегі газға деген өсіп келе жатқан сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Тағы бір жоба – Ақтөбе облысындағы КС-14 компрессорлық станциясынан Қостанай қаласына дейін магистральдық газ құбырын салу. Сондай-ақ КС-14 алаңында жаңа компрессорлық цех құрылысы көзделеді. Жоба Қостанай облысын сенімді газбен қамтамасыз етіп, солтүстік өңірлерді одан әрі газдандыруға қосымша мүмкіндік береді.
Жетісу облысында «Талдықорған – Үшарал» газ құбырының құрылысы аяқталып, жоба 2025 жылы пайдалануға берілді. Ұзындығы шамамен 302 шақырым болатын құбыр өңірдегі елді мекендерді газбен қамтамасыз етіп, газдандыру аясын 84 елді мекенге дейін кеңейтуге мүмкіндік берді.
Бұдан бөлек, Алматы, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Қостанай, Қарағанды және басқа да облыстарда жеткізуші және тарату газ желілерінің құрылысы жалғасады.
-Бұл жобаларды іске асыру еліміздің газбен қамту жүйесінің құрылымын айтарлықтай өзгертуге мүмкіндік береді. Магистральдық және өңірлік инфрақұрылымды дамыту газбен жабдықтаудың сенімділігін арттырып, газ тасымалдау жүйесінің өткізу қабілетін ұлғайтуға және жекелеген өңірлердің бір ғана бағытқа немесе газ көзіне тәуелділігін төмендетуге бағытталған. Аталған жобаларды кешенді түрде іске асыру Қазақстандағы газдандыру деңгейін 80 пайызға жеткізудің маңызды шарттарының бірі,-делінген хабарламада.
Осыған дейін елімізді газдандыру қарқыны туралы жаздық.