Еліміздің су қоймаларынан алынған сынамалардың 10% санитарлық нормаларға қайшы
АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздің Экология және табиғи ресурстар министрлігі су тасқыны кезінде судың сапасына жүргізілген талдауға қатысты ақпарат берді.
«Тасқын су кезеңінде Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ұлытау және Абай облыстарында су объектілерінің жай-күйіне бақылау күшейтілді. 2024 жылдың өткен кезеңінде I санаттағы ашық су айдындарынан санитарлық-экологиялық мониторинг шеңберінде микробиологиялық көрсеткіштерге 1077 сынама алынды. Оның ішінде 71 (6,6%) сынама сәйкес емес, санитарлық-химиялық көрсеткіштерге 998 су сынамасы алынды, оның ішінде 95 сынама (9,5%) сәйкес келмейді», - деп жауап берді министрлік Kazinform агенттігінің ресми сауалына.
Сондай-ақ, II санаттағы ашық су айдындарынан микробиологиялық көрсеткіштерге 1258 сынама алынған. Оның ішінде 23-і (1,8%) сәйкес емес, ал санитарлық-химиялық көрсеткіштер бойынша алынған 1189 су сынамасының 61-і (5,1%) сәйкес болмай шыққан.
«Қазақстан Республикасының халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексінің 114-бабына сәйкес халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті орган санитариялық-эпидемиологиялық бақылауға және қадағалауға жататын объектілер мен өнімдерге, қоршаған орта объектілеріне (топырақ, су, ауа) қатысты санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізеді. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 13 қарашадағы ҚР ДСМ-193/2020 бұйрығын орындау үшін комитеттің аумақтық бөлімшелері су объектілерінің жай-күйіне, атап айтқанда I және II санаттағы су айдындарына санитарлық-экологиялық мониторинг жүргізеді», - делінген сауал жауабында.