Еліміздің жергілікті жолдарында жүк көліктерін өлшейтін 150 станция орнатылады
Еліміздің жергілікті жолдарында жүк көліктерін өлшейтін 150 станция орнатылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев айтты, деп хабарлайды Kazinform.
«Автомобиль жолдарының сақталуын қамтамасыз етуде көліктік бақылаудың маңыздылығы өте зор. Қазіргі уақытта 43 жылжымалы бақылау бекеті күшімен 157 мың шақырым автомобиль жолдары бақыланады, яғни 1 бекетке 5 мың шақырым автожол жүктелген. Сондықтан, өткен жылдың желтоқсан айында автоматтандырылған өлшеу станциялар жұмыс тәртібін реттейтін заң қабылданды. Бұл Заңда әкімдіктерге жергілікті автожолдарда өлшеу станцияларын орнату жөніндегі өкілеттіктер беріліп, жүк көтергіштігі 12 тоннадан асатын барлық көлік құралдары осы станциялар арқылы міндетті түрде өлшенуі көзделген», - деді вице-министр.
Оның атап өтуінше, аталған Заңды іске асыру аясында Көлік, Ішкі істер министрліктері және Астана қаласының әкімдігі бірлескен Жол картасы әзірледі. Жол картасының аясында, осы жылдың қазан айынан бастап Астана қаласының негізгі 6 кіреберісінде өлшеу станцияларын орнату бойынша жұмыстар басталды. Осылайша, қалаға кіретін барлық жүк көліктері автоматты түрде өлшеніп, автомобиль жолдарының сақталуына тікелей ықпал ететін болады.
«Сондықтан әкімдіктермен жергілікті жолдарда 150, ал министрлікпен республикалық жолдарда 70-ке жуық осындай өлшеу станцияларын салу бойынша тиісті жұмыстарды жүргізу жоспарланған», - деді Сәтжан Аблалиев.