Елімізге АЭС керек пе: Қостанайда қоғамдық талқылау өтті

аэс қоғамдық тыңдау
Фото: kostanaytany.kz

23 қазанда Қостанайда атом электр станциясының салынуына қатысты қоғамдық талқылау өтті. Kazinform бұл туралы «Қостанай таңы» газетінің интернет-ресурсына сілтеме жасап хабарлайды.

Көпшілік тыңдау барысында ғалымдар АЭС-тің қажет екендігін айтып, бірнеше дәлел келтірді.

Сарапшылардың сөзінше, энергетиканы өрістету – ең әуелі, қай елдің болсын даму дәрежесін көрсетеді. Атом электр станциясы 100 жылға дейін ең «жасыл энергетика» болып есептеледі. Сондықтан, өркениет көшіне ілесу үшін мемлекетке маңызды мәселені қолға алу қажет.

Ғалымдар елде электр энергетикасына сұраныс күннен-күнге артып келе жатқанын атап өтті. Ал электр энергиясы жеткілікті көлемде өндірілсе, қазіргі күні ең маңызды мәселенің бірі – жылу жүйесін ретке келтіруге болар еді.

Екіншіден, электр желілеріндегі жабдықтардың жартысынан көбі тозған. Соның кесірінен бірқатар өңірде жарық жиі өшіп қалады. Атом электр станциясын салу – мәселені шешудің тиімді жолы. Мамандардың айтуынша, бұл қоршаған ортаны ластайтын қазба отыннан бас тартуға септігін тигізеді.

«Қазақстанда АЭС салу халықаралық нарықта аса қолайлы. Сондықтан, көпке ұзатпай атом энергетикасына көшуіміз керек. Бұл – таза энергетика. Атом станциясы жел немесе күн станцияларына қарағанда тиімді әрі қауіпсіз.

Мәселен, соңғы кезде ұсынылып жатқан су-энергетика реакторының алғашқысы 1957 жылы АҚШ-та, 1964 жылы КСРО-да ашылған. Содан бері бірде-бір рет апат болып көрді ме? Ештеңе болған емес. Ең сенімді, кәміл сенуге болатын реакторлардың бірі – осы деп есептеймін.

АЭС-ті Қазақстан осыдан бірнеше ондаған жылдар бұрын салу керек-тін. Бірақ, әлі де кеш емес. Оны бүгіннен бастап қолға алсақ, еліміздің энергетика ахуалы көп түзелер еді. Қазір Өзбекстан, Түркия, Беларусь, Мысыр елдері салып жатыр. Егер Өзбекстан бізден бұрын салатын болса, электр энергиясын бізге сатады. Ал біз уранның үстінде отырып, олардан электр энергиясын сатып алуымыз керек пе? Бұл – болашаққа жасалған нағыз қастандық болар еді», –дейді ҚР ядролық физика институтың бас директоры Саябек Сахиев.

Жекелеген тұрғындар АЭС-тің зиянды жағын тізбелеп, оның құрылысына үзілді-кесілді қарсы. Олардың бойында күндердің күнінде Чернобыль, Фукусимадағы апаттар қайталануы мүмкін деген үрей бар.

«Халық беталды қорқа бермеуі керек. АЭС-тің көп пайдасы бар. Өйткені, қазір күн санап экономикамыз артып жатыр. Ертең газ да, мұнай да таусылады. Сол кезде мұның пайдасы көп тиеді. Біз болашақ ұрпақ үшін жұмыс істеуіміз керек. Бүгінде өркениетті елдердің бәрінде атом электр станциясы бар. Яғни, оның тиімділігін біліп отыр. Менің ойымша, бізге бір емес, үш АЭС қажет. Біреуі жетімсіз»,–дейді З.Алдамжар атындағы ҚӘТУ басшысының кеңесшісі, физика-математика ғылымдарының докторы Қадырғали Жаманбалин.

Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС құрылысына қатысты елде референдум өткізуді ұсынған болатын.

Бұған дейін «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жәнтікиннің аталған мәселеге қатысты пікірін ұсынған едік.

Атом электр станциясы Балқаш көлі маңында, Алматы облысының Үлкен кенті аумағында салынуы ықтимал екені айтылды. 

Соңғы жаңалықтар