Елорадада мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік тілден білім жарыстыруда

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырып отырған дәстүрлі байқауға қаладағы Алматы, Сарыарқа және Есіл аудандарына қарасты әрбір басқарма мен мемлекеттік ұйым топ құрып сайысатын болады. Жалпы биылғы байқауға 12 команда қатысуда. Ұйымдастырушылар командаларды 5 кезеңдік сыннан өткізеді.
«Мемлекеттік тіл - мемлекеттік қызметте» деген шара жыл сайын өткізіліп, дәстүрлі болып қалды. Қазір байқауда әр топ өз командасын таныстырады. Сонан кейін өз салаларында өмірден бір көрініс көрсетеді, іс-қағаз тілінде жарысады. Аудармашылар айтылған сөздерді бірден адарып беру біліктіліктерімен сынасады», дейді Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Оразкүл Асанғазы.
Тілдерді дамыту басқармасы басшысының айтуынша, мемлекеттік қызметте қазақ тілінің қолдану аясы кеңейіп келеді. «Қазір жиналыстарда қазақша сөйлейтіндердің саны артты. Толық қазақ тілінде жиналыс өткізетін мекемелер көбеюде. Мысалы, мәдениет, білім салалары мемлекеттік тілге толығымен көшті», деп атап көрсетті ол.
Байқаудың бірінші кезеңінде қатысушылар топтың атауын, ұранын, мақсаты мен міндеттерін таныстырса, келесі «Іс жүргізудегі сөз қолдану және пікірсайыс» кезеңінде іс жүргізуге қатысты құжаттардың жүргізілуі туралы, жұмыс барысындағы талдау, сараптау, есеп беру, баяндама жасау, ресми сөз сөйлеу ұсыныстар айту бойынша көрініс көрсететін болады. Үшінші кезең «Қазақ тілі жаңа технологиялар әлемінде» деп аталады. Ал «Терминдер әлемі» кезеңінде топ мүшелері берілген терминдердің қазақша баламаларын айтып беруі тиіс.
Соңғы «Қазақ сөзі» кезеңінде қатысушы тіл туралы даналық сөздерді, әйгілі ғалымдар мен саяси қайраткерлердің сөздерін насихаттау немесе мемлекеттік тілге қатысты қызмет бабындағы ұсыныс, ой-пікірін ортаға салу, ресми құжаттардан дәйексөз алып, оны қорытындылай білуі керек.