Елорда 2016 жылы толығымен «ақылды бағдаршамдармен» қамтылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда 2016 жылы толығымен «ақылды бағдаршамдармен» қамтылады. Бұл туралы бүгін Лига қаласының мэрі Нил Ушаковпен кездесуі барысында елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов мәлім етті.
«Біз «ақылды көше қиылыстары» жобасын жүзеге асырудамыз. Яғни, көшелер арнайы датчиктермен, бейнекамераларымен жабдықталады. Ол көше жүктемесінің артуына байланысты бағдаршамның өткізу уақытын өзгертіп отырады. Мәселен, бізде көшеде көлік болса да, болмаса да бағдаршам 25-50 секунд жанып тұратын. Ал жаңа жоба көше қиылысындағы жағдайға жедел үн қатуға мүмкіндік береді», - деді елорда әкімі.
И.Тасмағамбетовтің сөзіне қарағанда, мұндай «ақылды бағдаршамдар» басқа көшелердегі көше кептелістеріне дер уақытында назар аударып отыруға мүмкіндік береді. Жүйе қазіргі уақытта қолға алынып, өз тиімділігін көрсетіп отыр.
«2016 жылы біз оны толығымен аяқтайтын боламыз. Бұл қала жолдарындағы көлік жүктемелерін, кептеліс проблемасын толығымен шешуге мүмкіндік беретін болады», - деді қала басшысы.