Елорда әкімдігі Астана күніне орай пәтерлер берілетіні туралы SMS-хабарламаларды жоққа шығарды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда әкімдігі Астана күніне орай пәтерлер берілетіні туралы SMS-хабарламалардың мәліметтерін жоққа шығарды.
«Қаламыздың тұрғындарына SMS-хабарламалар түсе бастады. Онда: «2009 жылы мемлекеттік тұрғын үй құрылысының бағдарламасы бойынша өттіңіз, сізді қала күнінде, 6 шілдеде пәтер кілтін беру үшін қалалық әкімдікте күтеді» және т.б. Соңында қала әкімдігі деп жазылған. Мұны кім және қандай мақсатпен жасайтынын құқық қорғау органдары анықтайды деп ойлаймын», - деді елордалық тұрғын үй басқармасының басшысы Руслан Ахметов.
Ол әкімдік SMS-хабарламалар таратпайтынын атап өтті. Барлық ресми хабарландырулар әкімдіктің және қалалық басқармалардың ресми сайттарында немесе БАҚ-та жарияланады.
«Қала күнінде мемлекеттік тұрғын үй құрылысының бағдарламасы аясында пәтер кілттерін тапсыру жоспарланбаған. Аталған бағдарлама аяқталды. Мемлекеттік бағдарлама бойынша өткен азаматтар пәтерлермен қамтамасыз етілді. Енді қалған 50 тұрғын үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында жаңа пәтерлерге қоныстанатын болады», - деді Р.Ахметов.
Еске сала кетейік, осыған дейін азаматтар жеке үй құрылысы үшін жер учаскесі бөлінеді деген ақпаратты дұрыс түсінбегені хабарланды. Әкімдікте жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне сұраныс қаланы дамытудың бас жоспарының жобалық қуатынан 7 есеге артық екенін айтты.