Елорда әкімдігі Астананың жасыл белдеуіне қосымша 15 мың гектарға жуық жер бөлді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда әкімдігі Астананың жасыл белдеуіне қосымша 15 мың гектарға жуық жер бөлді. Бұл туралы бүгін елорданың жасыл белдеуін дамыту жұмыстарымен таныстырған «Астана орманы» ЖШС-нің директоры Мәулен Самамбетов айтты.
«Қазіргі уақытта Астананың жасыл белдеуін дамытуды 2 кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезеңі 1998-2004 жылдары аралығын қамтыған еді. Алғашқы кезеңде негізінен қылқан жапырақты ағаштар отырғызылды. Бүгінде Астананың жасыл белдеуінің жалпы аумағы 14827 гектарды құрайды. 2009 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кезекті мәрте жасыл белдеуге келгенінде мұны тұтас орман алқабына айналдыру туралы тапсырма берген еді. Осы сәттен бастап екінші кезең басталды», - деді ол.
ЖШС директорының айтуынша, елорданың жасыл белдеуін жүзеге асыру 6 сатыға бөлінген. 2012-2016 жылдары жобаның 1,5 және 3 мың гектарды құрайтын 2 сатысы толыққанды жүзеге асырылды. Осы уақыт аралығында 1 млн. 846 мың түп ағаш отырғызылды. Оның 56 пайызы қылқанды жапырақты, ал қалған 44 пайызы жай ағаштарды құрайды.
«2017 жылдан бастап біз жобаның 3-ші сатысын жүзеге асыра бастаймыз. Ең бірінші кезекте әуежай аумағындағы 459 гектар учаскені игеру қолға алынып, ондағы жұмыстар екі жылға созылады. Ал қалған сатылары қазіргі уақытта жобалануда. Жалпы, 2030 жылға дейін бұл жұмыстар толығымен орындалады. Айта кетерлігі, Астана қаласының әкімдігі бізге қосымша 14827 гектар жер бөлмек. Қазіргі уақытта оның 8500 гектары берілді. Демек, 1-2 жылдан кейін біздің белдеудің аумағы шамамен 32 мың гектарға жетеді», - деді М.Самамбетов.
Сонымен қатар оның атап өтуінше, Астана жасыл белдеуі аумағында велосипедпен серуендеуге арналған жол салу жұмыстары 2 кезеңге бөлінген. 2011 жылы ұзындығы 4127 метрді құрайтын жол пайдалануға берілген. Қазіргі уақытта 2 кезеңі аяқталуға жақын. Құрылыс жұмыстары осы айдың соңында аяқталғаннан кейін велосипедпен серуендеуге арналған жолдың ұзақтығы 19127 метрді құрайтын болады. Бұл жол Қорғалжың және Қараөткел тас жолдарын жалғастырады.
Айта кетерлігі, бүгін Астана жасыл белдеуінің даму барысын елордалық журналистерге таныстыру барысында орманға 200 қырғауыл жіберілді. Жалпы, бүгінде бұл орманға шамамен 8 мың қырғауыл жіберілген.
