Елорда әкімдігі жеке автобус парктерінің қызметін қатаң бақылауға алады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда әкімдігі жеке автобус парктерінің қызмет көрсету сапасы мен мәдениетін қатаң бақылауға алатын болады. Бұл жайында Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елорда әкімдігі жеке автобус парктерінің қызметін қатаң бақылауға алады

«Өкінішке орай жүргізушілер мен кондукторлардың іс-әрекетіне  қатысты жиі шағым аламын. Бұған дейін атап өткенімдей,  8 автобус паркінің 7-еуі жекеменшік және бізде ықпал ету тетіктері өте аз. Сондықтан біз жаңа модельге көшпекпіз. Инвестициялар және даму министрлігінің бұйрығы таяу арада шыққаннан кейін бастаймыз. Сол кезде қызмет көрсету сапасы мен мәдениетіне қатаң бақылау болады», - деп жазды елорда әкімі Фейсбуктағы «Астана, хочу похвалить/пожаловаться » тобында жүргізушінің дөрекі қылығына шағымданған қала тұрғынына.

Айта кетейік, Татьяна Наношкина өзіне қажетті аялдамада ауыр сөмкесімен тезе арада түсе қоймағаны үшін жүргізушінің дөрекі сөйлегендігін жазған болатын. «Сыртқа шығу үшін ертерек дайын тұруға тырыстым. Бірақ, автобус  орнынан жұлқи қозғалып, мен орындыққа құладым», - деді ол.