Елорда әкімі Астана қаласы ІІД-нің жеке құрамымен кездесті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана кез келген құқық бұзушылықтарға нөлдік төзімділік танытатын қауіпсіз қалаға айналуы керек. Бұл туралы елорда әкімі Әсет Исекешев Астана қаласы ІІД ғимаратында жеке құраммен кездесу барысында мәлім етті, деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен.

Елорда әкімі Астана қаласы ІІД-нің жеке құрамымен кездесті

Елорда басшысы қалалық департаменттің объектілерін аралап, жол-патрульдік полиция полкінің, арнайы жедел әрекет ету тобының жұмысымен танысты, сондай-ақ, құқық қорғау органдарының қару-жарақтары мен арнайы техникасын көрді.
Кездесу Алматыда аудандық ІІБ мен ҰҚК департаменті ғимараттарына жасалған шабуыл кезінде құрбан болғандарды еске алудың құрметіне бір минут үнсіздіктен басталды.

Кездесу барысында Әсет Исекешев полицияның өзара іс-әрекетінің тиімділігін және арнайы қызметтердің лаңкестік қауіп-қатерге дайындығын талдау қажет екендігін атап өтті.

Сонымен қатар, қылмыспен күресті күшейту, қоғамда құқық бұзушылықтарға нөлдік төзімділікті қалыптастыру жөніндегі шаралар мен алдын алу шараларының маңыздылығы талқыланды.

«Мемлекет басшысы айтқандай, ұсақ құқық бұзушылықтарды да кешіруге болмайды. Өйткені, бассыздық одан асқан қылмыстарға әкелуі мүмкін» - деді әкім.

Астана әкімі тұрғылықты жері бойынша жұмыс істеп, тұрғын үй-тұрмыстық саладағы дау-дамайлардың алдын алып, халықпен тұрақты кездесіп тұратын Жергілікті полиция қызметінің және учаскелік инспекторлардың рөлі мен маңыздылығын ерекше атап өтті.

«Біз Астананы жайлы әрі қауіпсіз қалаға айналдыру міндетін алға қойып отырмыз. Елорда тұрғындары мен қонақтары мүліктік құқықтары мен тыныштығы қорғалатынына сенімді болуы керек. Қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерінде Сіздер маңызды рөл атқарасыздар», - деді әкім.

Кездесу соңында Ә. Исекешев полицейлерге күнделікті қызметтері үшін алғыс айтып, ІІД жеке құрамына арнайы машиналардың кілтін табыстады. Сонымен қатар, ерекше көзге түскен полицейлер Астана әкімінің атынан алғыс хаттармен марапатталды.