Елорда әкімі көшпелі жиын өткізді
ыздың 18-і. ҚазАқпарат /Құралай Орынбекқызы/ - Бүгін елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов Астана қаласын сумен қамтамасыз ету, қалдық суларды жинау және тазарту мәселелері жөнінде көшпелі жиын өткізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қала басшысы «Талдыкөл» қоймасынан «Қарабидайыққа» су қалдықтарын құю жұмыстарымен танысты. «Елбасының «Талдыкөл» қоймасындағы су қалдықтарын «Қарабидайыққа» аудару жөніндегі тапсырмасы бойынша жоба 2003 жылдан бастап іске асырылуда. Оның қаражат көлемі 69 млрд. теңгені құрайды. Алғашқы жоба бойынша 104 млрд. теңге болатын, дегенмен енгізілген өзгерістерден кейін жоғарыда аталған сомаға тоқталдық. Бүгінде 24 млрд. теңгесі игеріліп үлгерді», деп атап өтті И.Тасмағамбетов.
Елорда әкімінің айтуынша, Астана аумағының көлемі өсіп келеді. «Қарабидайық» қаладан 35 шақырым жерде орналасқан. Ал «Талдыкөл» қоймасы қалаға тиіп тұр. Оның өзі 22 шақырым жерді алып жатыр. Бір жағынан, өсіп келе жатқан қалаға жер керек болса, ал екінші жағынан экология мәселесін шешу қажет. «Сөйтіп «Талдыкөл» қалдық су жинақтағышының экологиялық аймақтарға кері әсерін тигізбес үшін оны жаңа су жинақтағышы «Қарабидайыққа» ауыстыру шешімі қабылданды», - деді елорда әкімі.
Сонымен қатар, қала басшысы бүгінде жоба бойынша жұмыстың бірінші кезеңі аяқталғандығын жеткізді. «Сарқынды суды «Қарабидайыққа» құю жұмысы шілденің 25-сінен басталды. Қазір күніне 38 мың текше метр су құйылады. Жыл соңына дейін 10 млн-ға дейін жеткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Ал келер жылдан бастап барынша ауқымды жұмысқа кіріспекпіз. Алдағы 5 жылда «Талдыкөл» толығымен тазартылады деп күтілуде», - деп қосты қала әкімі И.Тасмағамбетов.