02:06, 12 Қаңтар 2018 | GMT +5
Елорда әкімі сабақтың болмайтыны жайында қайдан білуге болатынын айтып берді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев ауа райының қолайсыздығына байланысты мектепте сабақтың болу-болмауына қатысты ақпаратты қайдан алуға болатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұл туралы әкім Фейсбуктегі парақшасында жазды.

Қазгидрометтің ақпараты бойынша, түнде тағы да қар жауып, секундына 15 метрге дейін жел болуы мүмкін. Мамандар таңертең желдің күші азайып, ауа температурасы 15 градусқа дейін төмендейді деп отыр.
«Ертең, таңғы 6.00 ден бастап әдеттегі алгоритм бойынша сабақтың болу не болмауы бойынша xабар таратылатын болады. Оларды мына сілтемелер арқылы - 109 (тегін мобильді қосымшасы), www.bilim.astana.kz сайтынан, сынып жетекшісінен не мектеп әкімшілігінен, Смарт Астана қосымшасы арқылы білуге болады», - деп жазды Ә.Исекешев.
Еске сала кетсек, бұған дейін әкімдіктің баспасөз қызметі, ғаламторда 12 қаңтар күні сабақ болмайды деген ақпаратты жоққа шығарған еді.