Елорда әкімі учаскелік инспекторларға жаңа 25 көліктің кілттерін табыс етті
АСТАНА. 22 маусым. ҚазАқпарат - Елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов бүгін Қазақстан полициясының 20 жылдығы қарсаңында қалалық ішкі істер департаментінің қызметкерлеріне Ssang Yong Kyron маркалы джиптердің кілттерін табыс етті.
Полиция қызметкерлеріне төл мерекелері қарсаңында 25 көліктің кілті табыс етіліп отырғандығын атап өткен елорда басшысы: «Мұның бәрі ендігі уақытта халықтың игілігіне жұмыс істеуі керек. Жалпы, полиция қызметкерлерінің иығына артылған жүк өте ауыр. Сондықтан барлық жағдай жасалуы керек деп есептеймін. Міне, сондықтан да бүгін осындай аздаған көмек жасалып жатыр. Әрине, бұл Астананың тыныштығына, елдің тыныс-тіршілігінің жайлы болуына өзіндік септігін тигізеді деп ойлаймын», - деді БАҚ өкілдеріне.
Ал Астана қалалық ішкі істер департаменті басшысының орынбасары Қайрат Мұхитовтің айтуынша, елордада 25 полиция бөлімшесі бар. Солардың әрқайсысына бір-бірден көлік беріліп отыр. Алдағы уақытта аталған көліктер ішкі істер органдарының мәліметтер базасына шығуға мүмкіндік беретін борт компьютерлермен, бейнетіркеушілермен жарақтандырылады. Сондай-ақ оларға қалалық телефон байланысы, GPS спутниктік жүйесімен жабдықталған радиостансы орнатылатын болады.
Барлық джиптер Қазақстанда шығарылған. Олардың ортақ құны 99,8 млн. теңгені құрайды.