Елорда әуежайында әскери қызметшілер тосын сый жасады (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Келе жатқан жаңа 2016 жыл қарсаңында Астана қаласының халықаралық әуежайына келушілерді күтіп алушылардың гүл шоқтары мен құшағы емес, ҚР Қорғаныс министрлігі Орталық оркестрі әскери музыканттарының керемет тосын сыйы күтіп тұрды.
None
None

ҚР Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, әскери қызметшілердің орындауындағы бүкіл әлемге танымал жаңа жылдық дәстүрлі Jingle Bells әні әуежайда болған адамдарды таң қалдырып, ешкімді бей-жай қалдырмады.

«Біз әскери музыканттар бір жаққа әдеттегі рейспен ұшып бара жатыр деп ойлап, оларға назар аудармадық. Алайда, сымбатты, жинақы әскерилердің орындауында алғашқы аккордтың үні шыға бастаған кезде көңіліміз әп-сәтте көтеріле бастады. Мерекелік жаңа жылдық емес, бұрқасын желді, боранды ауа райына қарамастан, нағыз сиқырлы сезім пайда болды. Маған және немереме Қорғаныс министрлігінің бұл тосын сыйы өте ұнады. Үйреншікті жағдай емес, алайда, таныс әуезді әуендерді естіген кезде құлақ құрышың қанып, көңілге қуаныш ұялайды», - деп Астана қаласының тұрғыны Галина Омарова алған әсерімен бөлісті.

Жаңа жылдық әннен басқа, әскери оркестрдің музыканттары «Мы, друзья, перелетные птицы» атты танымал әуенді орындады. Бұл әнге тыңдаушылар ду қол шапалақтап, қошеметтерін көрсетті. Әсіресе, ұшып келген рейстердің ұшқыштары бір марқайып қалды. Әскери оркестр музыканттарының айтуынша, қазақстандық армия әскери қызметшілерінің мұндай құттықтаулары дәстүрге айналды.

«Жаңа 2016 жыл қарсаңында біз ҚР Қорғаныс министрлігі мен ҚР Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері атынан барша қазақстандықтарды табалдырықты аттағалы отырған мешін жылымен құттықтап, Сіздерге мықты денсаулық, бақыт, бақ-береке және елімізге тыныштық тілейміз», - деді ҚР ҚК Әскери-оркестрлік қызметінің бастығы майор Тимур Жартыбаев.

Соңғы жаңалықтар