Елорда әуежайында Астана саммитіне дайындық жұмыстары жүріп жатыр
азанның 7-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін астаналық ақпарат құралдарының өкілдері елордадағы халықаралық әуежайдың Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астаналық саммитіне дайындық шараларымен танысты.
Халықаралық Астана әуежайының атқарушы директоры Александр Бекмұрзиннің айтуынша, ел үкіметінің арқасында әуежайдың перронын кеңейтіп, ұшақтар тұратын тұрақтың көлемін ұлғайтуға қажетті қаржы бөлініп, қазіргі таңда аталмыш шаралар жүзеге асырылып та үлгерілді. «Біз қазір 22 ұшаққа арналған перрон салудамыз. Бұрынғы перронның өзі 31 ұшаққа есептелген. Сонымен қатар бізде Қорғаныс министрлігі мен шекара қызметінің перрондары бар. Олардың барлығына да ұшақтар қойылады. Жаңа салынып жатқан перронның құрылысы қазан айының соңына дейін аяқталады. Саммит барысында көптеген ұшақтар қонады, ал біз оларға жеделдетілген түрде қызмет көрсете алуымыз қажет. Сол үшін біз қазір жүктерді тасымалдайтын арнайы құралдар мен ұшақтарға арналған автобаспалдақтар, автолифтілер, транспортерлер сияқты көптеген техникаларды сатып алудамыз. Олардың жалпы саны қазір 100-ден асады. Аталмыш техникаларды сатып алу үшін қажетті келісімдер жасалып та қойылды. Сондықтан бұл техникалар қазан айы мен қараша айлары аралығында әуежайға жеткізіліп бітеді деген ойдамын. Біз сонымен қатар әуежай алаңдарын мұз болып қатудан сақтандыратын арнайы сұйықтықтарды да сатып алмақшымыз. Басқаша айтқанда, біз қазір саммитке үлкен дайындық үстіндеміз», - деді атқарушы директор.
Оның сөзіне қарағанда, әуежайда жоғары мәртебелі меймандарды қабылдайтын арнайы ғимарат қазір жөндеуден өткізілуде. Онда шет мемлекеттердің ресми өкілдерін қабылданады. «Жөндеу жұмыстары қараша айында аяқталып қалады деген ойдамыз. Саммит басталғанға дейін біз барлық жұмыстарды толықтай аяқтаймыз. Бұл бағыттағы жұмыстарға еліміздің аймақтарындағы әуежайлардың қызметкерлері де қолұшын созуда. Жұмысшылар қазір барынша күшейтілген жағдайда жұмыс жүргізіп жатыр», - деді А.Бекмұрзин.