Елорда аумағынан заңсыз төгілген қоқыс көрсеңіз, қайда хабарласу керек
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жылдың 6 айында iKOMEK ситуациялық орталығына қарасты 16 мыңнан астам бейне камераға 10 128 заңға қайшы жағдай түсіп қалған», деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі ақпарат таратты. Ресми мәліметке сүйенсек, саябақтар мен гүлзарлардың, мешіттер мен автобус аялдамаларының, вокзалдардың аумағына орнатылған камералар әсіресе заңсыз қоқыс төгу фактілерін жиі әшкерелейтін көрінеді.
«Қалалық полиция департаменті экологиялық полиция бөлімімен бірлесе отырып, стихиялық орындарға қоқыс шығарудың 30-дан астам фактісі анықтады. Жыл басынан бері 22,8 млн теңгеден астам сомаға 1 500-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, рәсімделді. Сонымен қатар, iKOMEK ситуациялық орталығы 76 қылмысты ашуға көмектесті», - делінген әкімдіктің ақпаратында.
Жыл басынан бері iKOMEK бейнебақылау операторлары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында 5 830 бұзушылық фактісін анықтаған. iKOMEK қалалық орталығының басшысы Жаннат Дүбірова қаладағы заңға қайшы әрекетке куә болған азаматтар iKOMEK орталығына мынадай жолдармен хабарласа алатынын айтады.
1. Әкімдіктің ресми сайты: astana.gov.kz
2. Telegram Чат-боты (t.me/nursultanikomek109_bot);
3. IKOMEK109 (PlayMarket/AppStore)мобильді қосымшасы;
4. Smart Astana (PlayMarket/AppStore) мобильді қосымшасы.