Елорда аялдамаларында жаңа карта-сызбалар орнатылды

АСТАНА. 7 ақпан. ҚазАқпарат - Астананың бірнеше автобус аялдамаларына тұрғындар мен қонақтардың қалада жүріп-тұруы үшін бағыт-бағдарды анықтауға мүмкіндік беретін ыңғайлы жаңа карта-сызбалар ілінді.

Елорда аялдамаларында жаңа карта-сызбалар орнатылды

Аstana.kz сайтына қалалық Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасынан хабарлағанындай, жаңа карта-сызба әзірге тек елорданың ең ірі орталық көшелеріндегі 5 аялдама кешеніне орнатылған.

Олар: Республика даңғылы мен Кенесары көшесінде ( «Конгресс Холл» аялдамасы - екі бағытта; «А. Иманов көшесі» аялдамасы - екі бағытта және «Жәнібек тархан» аялдамасы -Бараев көшесі бағытында бір бағытта).

«Аялдамаларды жаңа карта-сызбамен жарақтандыру жұмыстары алдағы уақытта одан әрі жалғасатын болады», - дейді басқарма қызметкерлері.

Жаңа карта-сызбада сол аялдамадан өтетін әрбір автобус бағдарлары арнайы түспен белгіленген. Сонымен қатар, белгілі бір бағытта аялдамадан өтетін нақты автобустың тек бір бағыттағы бағдары ғана көрсетілген. Бұл жолаушылардың шатаспауына ыңғайлы. Барлық жазулар мен аялдама атаулары тек мемлекеттік тілде жазылған.