Елорда халқы өмірден озған көрнекті мемлекет қайраткері Сарыбай Қалмырзаевпен бақұлдасты

ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов, ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Аслан Мусин, ҚР Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед Елбасы атынан гүлдесте қойды. Сондай-ақ ҚР Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, орталық және жергілікті мемлекеттік басқару органдарының лауазымды қызметкерлері, қарапайым халық белгілі мемлекет қайраткерімен қоштасып жатты.
«Сарыбай Сұлтанұлы белгілі, көрнекті мемлекет қайраткерлерінің бірі. Ол кішіге аға, үлкенге іні болып, бәріміз үшін үлгілі азамат ретінде өмірден өтті. Қаншама лауазымды қызметтерде болса да, қарапайым азаматтарға да өте кішіпейіл болатын. Шалқайғанға шалқаяатын, еңкейгенге еңкейетін. Ақкөңіл азамат еді. Елбасымыздың ең жақын адамдарының бірі болды», - деп атап өтті БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев.
«Сарыбай Сұлтанұлымен қызметтес болдық, бір өңірдің азаматтарымыз. Еліміздің Статистка комитетінде қызмет істеген кезінен білемін. Сол кезде-ақ оның білікті маман екендігіне көзім жеткен еді. Республикалық деңгейде қызметте болғанда өзінің барлық қарым-қабілетін көрсетті. Осыдан кейін Елбасы оның білімін, тәжірибесін, алғырлығын бағалап, өзіне жақын тартып, үлкен-үлкен қызметтерге сеніп тағайындады. Соның бәрінде де беріліп жұмыс істеді», - дейді көрнекті қоғам қайраткері Өмірбек Байгелди.