Елорда халқының саны жыл басынан бері 23 мыңға артты

АСТАНА. 24 қазан. ҚазАқпарат - Астана қаласы халқының саны ағымдағы есеп бойынша 2013 жылдың 1 қыркүйегінде 800 656 адамды, соның ішінде Алматы ауданы бойынша 366 219 (45,7%), Есіл ауданы бойынша 110 216 (13,8%), Сарыарқа ауданы бойынша 324 221 (40,5%) адамды құрады.

Елорда халқының саны жыл басынан бері 23 мыңға артты

Бұл туралы astana.kz сайтына қалалық Статистика департаментінен хабарлады.

«2013 жылдың басымен салыстырғанда, Астана қаласы халқының жалпы саны 22 458 адамға, соның ішінде Алматы ауданында 2 537, Есіл ауданында 7479, Сарыарқа ауданында 12 442 адамға көбейді», - делінген хабарламада.

2013 жылғы қаңтар-тамыз айларында халықтың табиғи өсімі 12 085, көші-қон өсімі 10 373 адамды құрады. Айта кетейік, 2013 жылғы қаңтар-тамыз айларында жалпы Астана қаласы бойынша 14 388 сәби дүниеге келген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,7% артық. Сонымен қатар, халықтың табиғи өсімі өткен жылдың қаңтар-тамызымен салыстырғанда 17,8% артты және 12 085 адамды құрады. Осы аралықта қалада 2 303 адам қайтыс болды, бұл 2012 жылдың қаңтар-тамыздағы көрсеткіштен 3,8% кем.

Бұдан басқа, қаңтар-тамызда 1 жасқа дейінгі балалар өлімінің 126 жағдайы тіркелді, бұл 2012 жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 26 жағдайға төмен. Сәбилер өлім-жітімінің коэффициенті, әрбір 1000 туылған нәрестеге шаққанда 1 жасқа толмаған 8,76 қайтыс болған бала санын (2012 жылғы қаңтар-тамызда 11,93) құрады. Халық өлімінің негізгі себептерінің ішінде қан айналымы жүйесі аурулары 36,2%, өскіндер 17,4%, жазатайым оқиғалар, улану және жарақаттану 15,6% жағдайлары басым.

2013 жылдың қаңтар-тамызында АХАТ органдарында тіркелген некелер саны, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,3%, ажырасулар саны 15,2% артқан.