Елорда іргесінде «Бозоқ» мұражай-қорығы мен Ұлттық спорт университеті салынады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елорда іргесінде «Бозоқ» мұражай-қорығы салынып, Ұлттық спорт университеті ашылады. Бұл туралы Астана қалалық әкімдігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елорда іргесінде «Бозоқ» мұражай-қорығы мен Ұлттық спорт университеті салынады

«Үркер тұрғын алабының солтүстігінде жалпы алаңы 389 гектарға жуық аумақта «Бозоқ» тарихи-мәдени мұражай-қорығын салу жоспарлануда. Бюджеттік бағдарламаның әкімшісі – Мәдениет және спорт министрлігінің «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығы» РМҚК», - деп атап өтеді әкімдік агенттіктің ресми сауалына орай.

Сондай-ақ ведомство мәліметінше, Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Қарқаралы тасжолы бойына Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт университетін салатын болады. Оның жалпы аумағы – 20 гектардан астам.

Бұдан бөлек, әкімдік биыл пайдалануға берілетін тұрғын үй жоспарына өзгерту енгізілмегендігін атап өтеді.

«Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті Астана қаласы бойынша 2,7 млн шаршы метр көлемінде тұрғын үйді пайдалануға берудің 2023 жылға арналған жылдық жоспарын анықтады. Бүгінгі таңда бұл жоспарға өзгерістер енгізілмеген», - делінген жауапта.

«Бозоқ» музейінің ғылыми хатшысы Айнагүл Ғаниеваның мәліметіне сүйенсек, «Бозоқ» тарихи-мәдени мұражай-қорығының құрылыс жұмыстары басталған.

Қазіргі уақытта орта ғасырлық 2 кіреберіс портал мен қоршауы салынған. Коммуналдық-инженерлік желілер толығымен жеткізілген.

«Мұражай-қорық арқылы ата-бабаларымыз Еуразия құрлығында 6 мың жыл қалай өмір сүргенін көрсеткіміз келеді. Ол үшін энеолит дәуірінен бастап тұрақты қоныс кешендерін осы жерде қайта қалпына келтіреміз. Энеолит дәуіріне қатысты көшпелілер жылқыны алғаш үйреткен Ботай қонысы болады. Бұл жерге келген қонақтар алғашқы өркениетпен танысады. Одан кейін – қола дәуірі. Ол заманда Орталық Қазақстанда металлургия жақсы дамыған. Сол заманның қоныстарын көрсетеміз. Бозақ қалашығының өзі үсті шатырмен жабылып, 40 гектар жерге орналасады», - деді ол.