20:27, 21 Қаңтар 2009 | GMT +5
Елорда іргесіндегі ауылдар Астана қаласының әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасына сәйкес жоспарлы өркендетілуі қажет - депутаттық сауал
АСТАНА. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Астананың жылдан жылға қарқындап дамуы қалаға жақын орналасқан елді мекендердің әлеуметтік жағынан өркендеуіне ықпал етуде. Әсіресе, 50-60 шақырымды құрайтын аймақтарда жақсы қарқын алып келе жатқанына көзіміз жетіп отыр.

Осыған орай Астанаға жақын орналасқан ауылды мекендер болғаннан кейін, еліміздің шалғайдағы жатқан өңірлерінен, оның ішінде шетелден қандастарымыз көптеп қоныс аударуда. Бұл пікірді бүгін Мәжіліс депутаты Жексенбай Дүйсебаев Палатаның жалпы отырысында айтты. Ол ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Депутаттар осы аймақты аралағанда сайлаушылар электр жарығының, судың, балабақшаның, мектептің, жол байланысының шешілмей жатқандығын алға тартқан. Осы мәселелерге байланысты Целиноград ауданы мәслихатының арнайы шешімі де бар. Өйткені бұл аймақтарда инфрақұрылым мәселесі дамымаған сол бұрынғы кішігірім ауылдың деңгейінде қалып отыр. Іргедегі Талапкер, Қоянды, Қажымұқан және Қараөткел ауылдарында бұрын 40-50 үйден аспаса, қазіргі уақытта осы елді мекендердің әрқайсысында екі жарымнан төрт мыңға жуық тұрғындар тұрады. Осындай қарқынды даму жылдан жылға жалғасуда. Ал коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік қызмет деңгейі осыдан 10-15 жылғы деңгейде өзгеріссіз қалған. Оқу жасындағы балалардың еселеп көбеюінен мектептер мен балабақшалар жетіспеуде. Осының бәрін жинақтала келе қала маңындағы Целиноград, Аршалы, Шортанды аудандарына қарайтын ауылды мекендерде әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдың жыл өткен сайын күрделенуіне әкеліп соғуда.
Депутаттың бұл мәселені көтеріп отырған себебі аталған ауылды мекендер Астананың өмірімен тығыз байланысты. Әсіресе, бұлар қаланы азық- түлікпен қамтамасыз ету, оның ішінде азық-түлік белдеуін жасауға, шағын және орта бизнесті дамытуға қолайлы ауылды мекендер екені анық. Тек әлеуметтік-тұрмыстық және инфрақұрылымдардың дамымай отырғаны көңілге қаяу салады. Сонымен қоса жұмыссыздар қатары өсуде. Дегенмен бұл қиыншылықтарға қарамастан қоныс аударушылар саны қүн санап көбею үстінде.
«Нақты айтқанда, аталған ауылдар Астана қаласының әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасына сәйкес жоспарлы өркендетілуі қажет. Көтеріліп отырған мәселелер бір өңірдің немесе Ақмола облысының құзырымен шешілетін шаруа емес. Сол себепті осы жағдайды түбегейлі зерттеп шешу үшін Үкімет тарапынан арнайы бағдарлама қабылдануы керек деп санаймыз», - деді депутат Ж.Дүйсебаев.
Депутат сауалына оның әріптесі Алдан Смайыл қолдап қолын қойған.