Елорда іргесіндегі елді мекендерді дамытуға қомақты қаржы бөлінеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорда іргесіндегі елді мекендерді дамытуға қомақты қаржы бөлінеді. Бұл туралы бүгін Нұр-Сұлтан қалалық стратегиялық және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айжан Түгелбаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елорда іргесіндегі елді мекендерді дамытуға қомақты қаржы бөлінеді

«Қала төңірегіндегі әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту бағдарламасы бойынша қосымша 4 млн теңге бөлінеді», - деді ол Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі жанындағы қоғамдық кеңес отырысында.

Басқарма мәліметтеріне сәйкес, аталған қаражат Көктал-2, Ильинка, Өндіріс, Железнодорожный тұрғын үй алаптарында 4 спорттық-сауықтыру кешенін салуға жұмсалады.

«Қала төңірегін дамыту аясында бізде тізілім бекітілген және осы тізілім биылдан бастап республикалық бюджеттен қаржыландырылатын болады. Төңіректегі барлық инфрақұрылым жақсара түседі», - деді Айжан Түгелбаева.

Сонымен қатар «Денсаулық сақтау нысандарын салу және жаңғырту» бағдарламасына қосымша 4 млн теңге бөлінеді. Бұл сома №1 қалалық аурухана аумағында 250 төсек-орынға арналған перзентхана орталығын, Жеңіс даңғылы бойынша 500 төсек-орынға арналған қалалық көпбейінді аурухананы жобалауға қарастырылып отыр.