Елорда кәсіпорындарының өнімдері қай елдерге экспортталады

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл 7 айда елорда кәсіпорындары 2 млрд доллардың өнімін экспортқа шығарды. Бұл туралы Астана қалалық инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Әшімов айтты.

Елорда кәсіпорындарының өнімдері қай елдерге экспортталады
Фото: Ұлттық статистика бюросы

— Жеті айдың қорытындысында Астанада өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2 трлн 570 млрд теңгені құрап, 11,3 пайызға өсті. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібі негізгі драйвер болып отыр. Оның үлесі 95 пайызды немесе 2 трлн 400 млрд теңгені құрайды. Бұл өте маңызды көрсеткіш. Өйткені дәл осы өңдеу өнеркәсібі қосылған құны жоғары өнім өндіреді. Бүгінде елордада машина жасау, азық-түлік өнімдерін, құрылыс материалдарын, пластмасса бұйымдарын өндіру және басқа да бағыттар белсенді дамып келеді. Мәселен, машина жасау саласында өсімнің жоғары қарқыны сақталуда. Қазірдің өзінде елорда локомотивтер мен электровоздар өндіретін маңызды орталықтардың біріне айналды. Сонымен қатар құрылыс материалдарын, электротехникалық өнімдер мен жабдықтарды өндіретін кәсіпорындар да дамып келеді, — деді Н.Әшімов елорданың коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның мәліметінше, азық-түлік өндірісінде де жақсы динамика байқалады. Жаңа өндіріс орындарының іске қосылуы және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың өндірістік қуаттарын кеңейту есебінен отандық өнім шығару көлемі артып келеді.

— Елорданың экспорттық әлеуетінің дамуы да маңызды нәтижелердің бірі болып отыр. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің экспорты 2 млрд АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда шамамен 28 пайызға өсті. Бүгінде елордалық кәсіпорындардың өнімдері Қытай, Түркия, Иран және ТМД елдеріне экспортталады. Экспортталатын тауарлардың қатарында локомотивтер, электровоздар, жабдықтар, азық-түлік өнімдері, құрылыс материалдары және басқа да отандық өнімдер бар, — деді басқарма басшысының орынбасары.

Бұған дейін елордаға 3 айда 1,7 млрд доллар шетел инвестициясы тартылғанын жазған едік.