Елорда көрермендері Ілия Жақановтың ән романстарына тәнті болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында жазушы, композитор, өнер зерттеушісі, Қазақстанның және Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты, «Парасат» орденінің иегері Ілия Жақанов оқырмандармен кездесті.

Елорда көрермендері Ілия Жақановтың ән романстарына тәнті болды

Көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлаған бұл кеш әнмен басталды. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, профессор Кенжеғали Мыржықбай композитордың «Жан сәулем» әнін шырқады. Әнші мен композитор арасындағы сұхбат түрінде өткен кездесу «Ілия Жақановтың ән романстары» деп аталды.

Ілия Жақанов астаналықтарға өмір жолы, әйгілі әндерінің шығу тарихы туралы әсерлі әңгімелеп берді.

К.Мыржықбай композитордың Балқантау, Жетісу, Қырғыз циклдік романстарынан әндерді кезек-кезек шырқап, көрермендердің қошеметіне бөленді.

Осы кеште І.Жақановтың әлемге әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовпен достығы туралы баяндалды.

Бұдан кейін композитор 1981 жылы дүниеге келген және халықтың ерекше ықыласына бөленген «Еділ-Жайық» ән-панорамасының шығу тарихы, Жұбан Молдағалиевтің оған сөз жазуы жөнінде айтып берді.

Кенжеғали Мыржықбай «Еділ-Жайық» әнін зор тебіреніспен орындап бергенде, залға жиналғандар айрықша құрмет көрсетті.

Осы кеште композитордың «Әселім - әнім», «Жайлаукөл кештері» және басқа да әндері орындалды, өнер сүйер қауым ән қайырмаларын қосыла айтып отырды.

І.Жақанов қоғам, мәдениет туралы ой толғады. Халықтық музыканың тереңдігіне мән берілуі қажет екенін атап өтті. Бүгінгі таңда жас ұрпақтың арзан, даңғырлаған әуендерге еліктеп бара жатқанына өкінішін білдірді. Әндер мен сұхбатты ұйып тыңдаған кітапхана оқырмандарына ризашылығын жеткізді.

Белгілі қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков өзінің сыныптасы, досы Ілия Жақанов туралы ойларымен бөлісті.

Ұлттық академиялық кітапхананың бас директоры, педагогика ғылымдарының докторы Үмітхан Мұңалбаева композиторға шығармашылық табыс тілеп, оқырмандар атынан сый-сияпат көрсетті.

2 3