Елорда күні іс-шаралар кестесіне өзгерістер енгізілді

АСТАНА. 4 маусым. ҚазАқпарат - Астананың 15 жылдығы - тек бас қала үшін емес, барлық Қазақстан үшін маңызды оқиға. Осы тұрғыда Астананың қарапайым қатардағы қаладан ХХІ ғасырдың ең көрікті, ең заманауи сұлу шаһарына айналып келе жатқанын атап айтқан жөн.

Елорда күні іс-шаралар кестесіне өзгерістер енгізілді

Сондықтан, 2013 Қала күнінің идеялық-тақырыптық тұғыры бір жағынан Астананы жайлы да сәулетті, екінші жағынан рухани мәдени орталық ретінде халықаралық дәрежеде танытады. Сонымен қатар, іс-шаралар кестесінде басты назар қала тұрғындары мен басқа қалалар мен мемлекеттерден келетін қонақтардың саны мен қатысуына шақталып, барша көпшілікке қолжетімді негізде жасалуға аударылған.

astana.kz сайтының жазуынша, осы идеяны жүзеге асыру мақсатында Астана қаласының әкімдігі қаланы кешенді абаттандыру жөнінде бірқатар іс-шараларды жүзеге асырды. Шілде айының бірінші онкүндігінде мерекелік іс-шаралар тікелей мерекені кеңінен атап өтуге бағытталған. Әрбір тілек білдіруші өзі қалаған іс-шараларын таба алады. Көптеген концерттер мен өнер көрсетулер қазақстандық мәдеиетті танытуға, қаланың ұлттық бояуы мен ерекшелігін көрсетуге негізделген. Бағдарламалардың бояуын Қала күнінің қайталанбас мәдени бренді толықтыра түседі. Атап айтқанда: «Астана төңірегіндегі мыңжылдық» көшпенділер өркениеті фестивалі, «Астана Арқау» түркі музыкасының фестивалі, «Астанаға тарту» дәстүрлі музыка концерті мен «Серпер» халық аспаптар оркестрі фестивлі.

Биылғы жылы 1 миллионнан астам адам қатысатын барлығы 50-ге тарта жалпықалалық, 20-ға тарта аудандық іс-шаралар өткізу жоспарланған. Жыл сайын демеушілердің қаржысына өткізілетін шетелдік жұлдыздардың концерті биылғы жылы инвесторлар болмауы себепті тоқтатылды. Сондай-ақ, шетелдік жұлдыздар Таркан, Патриссия Каас, Il Divo квартетінің, Лондон корольдік симфониялық оркестрі мен Ресей жұлдыздарының концерттері қойылмайды. Олардың орнына қалалықтарға елорданың алаңдары мен гүлбақтарында үлкен концерттер беріледі.

Сонымен қатар, Астана күнінде:

- «Аялаған Астана» Республикалық балалар байқауы, «Шаттық» балалар фестивалі концерттік бағдарламалары мен балалар шығармашылық ұжымы өнері;

- велоспорттан Астана кубогы, асық атудан «Алтын сақа» қалалық турнирі спорттық, ойын-сауық қойылымдары;

- кулинарлық көрмелер мен байқаулар;

- «Қазақстанның алғашқы әйел суретшісі» көрмесі, «Астана-бағы биік асқарымсың» кітап фестивалі, «Мүшәйра» әдебиет пен өнер фестивалі - мәдени-ағартушылық сипаттағы көркем көрмелер мен байқаулар;

- «Экстрим толқыны» спорттық көпшілік шаралар, «Асқақтай бер, Астана!» түнгі би кеші, «Астана Кубогы» КТК Халықарлық фестивалі алаңдардағы жастар бағдарламалары;

- қаланың сауда орталықтарындағы промо-акциялар - торт кесу салтанатты рәсімі, ұтыс ойындары мен акциялар;

- «Азия жаңғырығы» цирк фестивалі, аймақтық театр фестивалі, «Замандас» театры қойылымы мен цирк қойылымдары ұсынылады.