Елорда күні мерекесінде «Астана аспаны» саябақтар фестивалі өтеді
Астананың әр тұрғыны көк аспан астында, табиғат аясында демалғанын сезінеді десек болады. Фестиваль қонақтары шара барысында талғамына сай ермек таба алады. Қалалық саябақтарды Астананың аспаны біріктіреді. Әр саябақтың өз ерекшелігі болады. Мысалы, «Студенттік» бақта «Менің естеліктерімнің бұлттары» ретро бағдарламасы көпшілік назарына ұсынылады. «Жерұйық» саябағында елорда тұрғындары мен қонақтары «Әлем жұлдыздары» этно-бағдарламасымен танысады, ал Орталық мәдениет және демалыс бағында жас астаналықтарға арналған «Балалық шақ кемпірқосағы», Ғашықтар бағында арманшыл жандарға «Махаббат күншуағы» шарасы өткізіледі.
Әр саябақта келушілерге таң атқаннан кеш батқанша ойын-сауық бағдарламасы ұсынылады. Демалушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында қоғамдық тамақтану орындары мен ораза ұстайтындарға ауыз ашуға арналған орындар ашылады.