Елорда күнінде «Аялаған Астана» ұлттық музыкалық телевизиялық балалар байқауының финалдық сайысы өтеді
Бұл туралы қала күнін ұйымдпатыру комитетінен хабарлады.
1 маусым Сарыарқа төсіне жиналған балалар бір-бірімен алғаш жүздесті және өздерінің таланттарын шыңдауға Лина Арифуллина шеберханасының актерлік шеберлік, сольфеджио, вокал бойынша Мәскеуден келген ұстаздарымен танысты.
Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылы наурыз-сәуір айларында өткен «Аялаған Астана» жобасының іріктеу кезеңіне Алматы, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Қостанай, Орал, Атырау, Ақтау, Актөбе, Қарағанды, Павлодар, Семей, Көкшетау, Петропавл, Астана сынды еліміздің 16 қаласының 8-12 жас аралығындағы 1000-нан астам талантты балалары бақ сынасты.
Мамыр айының ортасында финалға өткен еліміздегі ең талантты балалардың есімдері белгілі болды. Олар: Луиза Нұрқуатова (Ақтау); Замира Сағадиева (Зеренді); Дания Ишанқұлова (Орал); Мұхамедали Жүгінісов (Астана); Дильназ Төлеген (Қызылорда); Диас Омар (Қызылорда); Настя Першикова (Павлодар); Жахан Қабыкен (Астана); Малика Самағұлова (Павлодар); Дильнұр Біржанова (Қарағанды); Ғалимұрат Әбдіманапов (Жезқазған); Жанайгерім Өтегенов (Қостанай); Алдияр Орекен (Екібастұз); Ясмин Мәжитова (Алматы); Сағынған Қуанған (Астана); Әділет Мейрамбеков (Көкшетау).
Маусым айы бойы балалар астаналық музыкалық мектепте өздерінің вокалдық қабілеттерін шыңдап, Руслан Бұтабаевтың жетекшілігіндегі «Zaratushtra Band» жанды дауыстағы оркестрінің сүйемелдеуімен қойылатын телевизиялық шоуға дайындалады.
Финалға 12 концерттік нөмір дайындалуда. Бірі жеке орындаса, бірі топта өнер көрсетеді.
«Аялаған Астана» байқауы үш байқау күнінен тұрады: «Балалық шақ әнұраны» (4 шілде), «Жұлдыздармен дуэт және әлемдік хит» (5 шілде), «Атамекен» (6 шілде). Осы күндер қорытындысына сәйкес халықаралық қазылар алқасы мен телекөрермендер "Балаларға арналған Жаңа толқынға" жолдама алатын Жеңімпазды анықтайтын болады. Сонымен бірге, 1, 2, 3 орындар мен Көрермен көзайымы және басты сыйлық 1 миллион теңге қарастырылған (бұл ақша баланың шығармашылық қабілетін әрі қарай шыңдауға бағытталады) арнайы қаржылай сыйлықтар өз иелеріне табысталмақ.