Елорда күніне шетелдік әртістер шақырыла ма
«Астана күнін тойлауға байланысты шетелдік әртістер шақырылмайды. Сондай-ақ, бұл күндері шетел әртістерінің жеке концерттері де жоспарланбаған. Қала күніне орай өтетін барлық мәдени іс-шара тек отандық әртістердің қатысуымен өтеді», - деді Дәурен Бабамұратов қалалық орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Одан бөлек, басқарма басшысы биыл елорда күніне орай саяхаттап келетін отандық және шетелдік туристерге қатысты пікір білдірді.
«Қала күні қарсаңында елордаға келетін нақты туристердің саны белгісіз. Себебі, ол бойынша нақты санау жүргізілген жоқ. Бірақ, әдеттегіден көп болады деп болжанып отыр. Өйткені, пандемиядан кейін елорда күнін ауқымды түрде атап өткелі отырмыз. Пандемияға дейінгі жылдарға қарағанда туристердің келуі артады деген ой бар», - дейді ол.
Айта кетейік, биыл Астана күні бір айы бойы тойланбақ, мереке аясында 100-ден астам мәдени, спорттық және танымдық іс-шара өтеді деп жоспарлануда.
Олардың қатарында 2 шілдеде өтетін «Қазақстан барысы» турнирі бар.
Одан бөлек, алыптар сайысы жоспарланып отыр, жүлде қоры – 2 млн теңге.