Елорда маңындағы өзен-көлдерді қоқыстан тазарту экологиялық акциясы өтті
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін елордада дүниежүзілік «World Cleanup Day» тазалық акциясы аясында «Көлді аяла» экологиялық іс-шарасы ұйымдастырылды.
«ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен сенбілік ұйымдастырдық. Бұл іс-шара еліміздің аумағындаға өзендер мен көлдерді қоқыстан тазалауға арналған. Сондықтан осы сенбілікке Қазақстандағы волонтерлерді, тұрғындарды, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың қызметшілері жұмылдырылып отыр», - деді Birgemiz: Taza Álem жалыұлттық жобасының менеджері Айдана Галимова.
Оның айтуынша, еліміздің аумақтарын тазалауға және абаттандыруға бағытталған жалпыұлттық экологиялық бастама – «Таза Қазақстан» акциясы өткізіліп келеді. Бұл тұрғыда «Таза Қазақстан» аясында экологиялық волонтерлер барынша әрекет етіп жатыр.
«Бүгін біздің бастамамен 100-ден астам адам қала аумағындағы екі жердегі сенбілікке қатысты. Жиналғандардың бір бөлігі Талдыкөл маңын тазартып жатыр. Талдыкөл - қаладағы экологиялық маңызды аумақтардың бірі. 2021 жылы біз осындай акцияны өткізген едік, биыл соны жалғастырдық. Жыл соңына дейін қала аумағындағы өзен-көлдер мен су қоймалары маңын тазалауға назар аударып отырмыз», - деді А.Галимова.
Сенбілікке келген сол маңдағы үйлердің тұрғындары мен волонтерлер, түрлік компаниялардың өкілдері Талдыкөл жағасымен жүріп, қоқыстарды арнайы орындарға жинастырды.
«ҚазМұнайГаз» компаниясының еріктісі Балдырған Өмірбекова «Көлді аяла» экологиялық іс-шарасын қолдауға бір топ әріптестерімен бірге келгенін айтты.
«Қала тұрғыны ретінде шаһардағы экологиялық тазалыққа ерекше мән беріп отырмыз. Сондықтан тұрғындарды осындай сенбілікке көптеп шығуға шақырамыз. Елордада маңында орманды жерлер де, су қоймалары, түрлі саябақтар бар. Осы барлық алқапта тазалық болуы керек. Тұрғындар мен қала қонақтары бұл нысандарды осы таза қалпында сақтау үшін келер ұрпаққа үлгі болуы тиіс», - деді «ҚазМұнайГаз» велонтері.