Елорда маңындағы аудандарда 6 мыңға жуық инфрақұрылымсыз бос жер учаскелері бар
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда маңындағы аудандарда 6 мыңға жуық инфрақұрылымсыз бос жер учаскелер бар. Бұл туралы «ҚазАқпарат» агенттігіне Ақмола облысы әкімдігінен хабарланды.
«Ақмола облысының Астана маңындағы аудандарда қазіргі таңда кезекке тұрғандар саны 79 998-ді құрайды. Шортанды ауданында ғана елді мекендердің бас жоспарларына сәйкес, 295 жер телімдерінің инфрақұрылыммен, яғни су және электр желісімен қамтамасыз етілген. Облыстың осы аудандарында (елорда маңындағы) инфрақұрылымсыз бос жер учаскелердің саны - 5815, соның ішінде Аршалы ауданында - 1363, Шортанды - 2226, Целиноград - 2266»,-делінген облыс әкімдігі мәліметінде.
ҚР Жер кодексінің 44-1 бабына сәйкес, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелері сұралған кезде азаматтардың өтініштері арнайы есепке алынады және бөліп берілетін алаңдардың дайын болуына қарай не жеке тұрғын үй құрылысы үшін пайдаланылатын бос аумақтар бар болған кезде қанағаттандырылады. Бұл ретте елді мекеннің бас жоспарлары негізінде орындалған егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары және құрылыс жобалары, сондай-ақ облыстар аумақтарын қала құрылысы үшін жоспарлаудың кешенді кестелері болмаса, жер учаскелерін құрылыс үшін беруге тыйым салынады.
«Алдағы уақытта Астана қаласының сәулет органдарымен елордалық Агломерацияның сызбасы әзірленеді және келісіледі. Астананың аумағында елді мекендердің жоспарлау құжаттамаларына түзетулер сызбаны бекіткеннен соң енгізіледі»,-дейді облыс мамандары.