Елорда маңындағы автожолдарда жолаушыларды құтқару қалай жүргізіледі
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаменті басқармасының басшысы Бауыржан Бейсенқанов қыс мерзімінде автожолдар бойында жолаушыларды құтқаруға арналған бекеттер жайында айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жедел әрекет ету үшін жеке құрамдағы 662 адам мен 431 техникасы бар қаланың күштері мен құралдары дайындыққа келтірілді. Қосымша қажет болған жағдайда, қала әкімінің шешімімен бекітілген құрамында 179 адам және 56 құтқару, медициналық және инженерлік техникасы бар қаланың шұғыл ден қою жиынтық жасағы әзірлікте болады. Ақмола облысы мен Нұр-сұлтан қаласының Төтенше жағдайлар департаменттері арасындағы 2020-2021 жылдарға арналған «өзара көмек көрсету бойынша» бекітілген Өзара іс-қимыл жоспарына сәйкес, периметр бойынша қаланың шекаралары анықталды және 50-40 шақырым радиуста республикалық әрі облыстық маңызы бар автожолдардың 6 бағыты бойынша секторларға бөлінді», - деді Бауыржан Бейсенқанов әкімдіктегі онлайн брифингіде.
Оның айтуынша, қажет болған жағдайда зардап шеккен адамдар Ақмола облысының аумағындағы республикалық және облыстық маңызы бар жолдардың бойындағы медициналық-құтқару пункттеріне орналастырылады. Зардап шеккендерді 1000 орынға уақытша жайғастырудың 10 бекетінің дайындығына тексеру жүргізілді. Кейіннен адамдар қонақ үйлерде, жатақханаларда және хостелдерде (500 орын) орналастырылады. Қала аумағында ұзындығы 40 шақырым құрайтын автомобиль жолдарының барлық 16 қар басып қалатын учаскелерін қамтитын ахуалдық карта әзірленді. Есіл және Алматы аудандарында қар ұстайтын қалқандарды орнату бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деп атап өтті департамент өкілі.
Сонымен қатар, «Қазақавтожол» ЖШС Нұр-Сұлтан-Павлодар және Нұр-Сұлтан-Қостанай автожолдарының қар басатын учаскелерінде 20 шақырымға дейін қар ұстайтын қалқандарды орнату бойынша жұмыстар жүргізілуде.