Елорда маңындағы Қосшы ауылында үшінші күн қатарынан жарық өшуде
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Бірқатар көпқабатты тұрғын үй жарықсыз қалған Ақмола облысының Қосшы аулында апатты жою жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Целиноград ауданы әкімдігінің мәліметінше, 22 сәуір күні кешкі сағат 19:23-те «АРЭК» АҚ диспетчерлік қызметіне Қосшы ауылының «Лесная поляна» шағынауданында «Солтүстік» қосалқы станциясынан бастап, 3-інші Таратқыш трансформаторлы қосалқы станциясына дейінгі 10 кВ кабель желісінде апат болғаны туралы хабарланған.
«Қазіргі кезде апат орнында электромонтерлердің екі бригадасы жұмыс істеуде. Арнайы зертхана кабель желісінің апат болған тұсын анықтады. Кабель желісінің бүлінген тұсын ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Бірер сағатта электр энергиясын беру жоспарланып отыр», - деп түсіндірді облыс әкімдігінің баспасөз қызметіндегілер.
Ведомство дерегі бойынша, электрмен жабдықтау жүйесінің тозуы салдарынан аталмыш кабель желісінде 19-21 сәуір күндері де апат болған. Алайда, ол дер кезінде жойылған.
«Алдағы уақытта электрмен жабдықтау жүйесінің қалыпты жұмыс істеуі үшін «Лесная поляна» шағынауданында жаңа электр желісін салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Қазіргі кезде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүгізілуде», - деп толықтырды әкімдіктегілер.