Елорда мектебінде уыты бар баллон шашылып, 14 оқушы ауруханаға жеткізілді
Оқиға туралы Фейсбук парақшасында Sandugash Orynbayeva жазды. Оның сөзіне сенсек, ауруханаға 15 баланы алып кеткен.
Астана қалалық білім басқармасының баспасөз хатшысы Жазира Асанова «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне оқыс оқиғаның бүгін сағат төрт шамасында тіркелгенін мәлім етті.
«Осы қыркүйекте ғана ауысып келген жетінші сыныптың оқушысы ата-анасының рұқсатынсыз өзімен бірге қол баллонын алып келген. Оның сыныптасы баллонға қызығып, басып жіберіп, сынып қауыт тарап кеткен. Сыныптағы бірнеше бала иіс кеселінен жөтеле жөнелген. Бұдан кейін мұғалім балаларды сыныптан алып шығып, бірден қажетті шаралар қолға алынды. Балаларға лезде көмек көрсетіліп, мектептегі медициналық жұмысшылар жедел жәрдем шақырды. Мұғалімдер, техникалық жұмысшылар кабинетті тазартты», - деді ол.
Жазира Асанованың айтуынша, сабақ 30 минуттан кейін қайта жалғасқан. Балаларға арналған қалалық ауруханаға 14 оқушы жеткізіліп, оның төртеуі дәрігерлердің бақылауына алынған. Мектеп әкімшілігі оқушылармен және олардың ата-аналарымен әңгімелесіп, қажетті ескертулер айтылған.
«Балалар мен ата-аналарға түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Ең бастысы, оқушылардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ. Баллонды кездейсоқ алып кеткен баланың әке-шешелері ескертілді», - дейді ол.