Елорда мектептерінде «Абайтану» пәні оқытылады

АСТАНА. 23 тамыз. ҚазАқпарат - Биылдан бастап елордалық мектептерде жаңа міндетті пән енгізіледі. Бұл туралы astana.kz сайтына бүгін ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туған күніне орай ұйымдастырылған мерекелік іс-шара барысында белгілі болды. 9, 10, 11 сыныптарға арналған мектеп бағдарламасына жаңа «Абайтану» пәні енгізіледі.

Елорда мектептерінде «Абайтану» пәні оқытылады

«Биыл тамыз кеңесі барысында қыркүйек айынан бастап «Абайтану» негізгі пән ретінде мектеп бағдарламасына енгізілетіні туралы мәлім болды», - деді astana.kz сайтына Қазақстан-Ресей университеті жанындағы «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығының директоры Алмахан Мұхаметқалиқызы.

Еске салайық, бүгін Абай ескерткішінің жанында ақынның туған күніне орай өткізілген әдеби-сазды мерекеге жүздеген астаналық жиналды. Іс-шара барысында Абай ескерткішіне гүл қою рәсімі болып өтті. Елордалық орындаушылар жиналған қауымға арнап, халық әндерін шырқады, белгілі көркемсөз оқушы Даниял Сабыров Абайдың қара сөздерінен үзінді оқып шықты.

Бұдан басқа, орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдастырған кітап көрмесіне интерактивті қаламы бар «Абайтану Әліппесі» оқу-әдістемелік кешені қойылды. Көрермендерге сый ретінде Абайдың даналық сөздері мен өлеңдерінен, қара сөздерінен құралған кітапшалар таратылды.