Елорда мектептерінде соңғы қоңырау қалай өтеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 25 мамырда елордалық мектептерде дәстүрлі соңғы қоңырау өтеді. Биыл 1-10 сынып оқушылары үшін іс-шара онлайн форматта, ал мектеп бітіруші түлектер үшін білім мекемелерінің аулаларында өткізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елорда мектептерінде соңғы қоңырау қалай өтеді

Елордалық білім басқармасының хабарлауынша, 1-10 сынып оқушылары үшін соңғы қоңырау онлайн, яғни сынып сағаты түрінде өтеді.

Ал 11 сынып түлектері үшін іс-шара Нұр-Сұлтан қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ұсынымдарына сәйкес ашық ауада, мектеп ауласында дәстүрлі форматта өткізіледі. Бұл ретте барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақталатын болады. Мектеп аумағында және ғимаратында қашықтықты қамтамасыз ету үшін белгілер қойылды. Оған түлектердің ата-аналары немесе заңды өкілдері қатыса алады. Ал мектеп оқытушылары құрамынан алты адамнан артық қатысуына тыйым салынады.

Маска режимі және іс-шараға қатысушылар арасында кемінде 2 метр қашықтықты сақтау қамтамасыз етіледі.