Елорда мектептерінің көшбасшы-оқушылары арасындағы байқаудың финалистеріне құрмет көрсетілді
Еске салайық, қаланың білім мекемелерінен байқауға қатысуға тілек білдірген 50 өтінім түсті. Бұл - мектеп кезеңінде барынша көп балл жинаған қатысушылар болатын.
«Астана дарыны» орталығы 20 қазанда өткен І кезең (іріктеу) тест тапсыру бойынша іс-шараның жоспарын жасады. Онда Қазақстан тарихы мен мәдениетінен, география мен биологиядан 100 сұрақ, сондай-ақ, жалпы ой-өрісті айқындайтын сауалдар болды. Сонымен қатар әр қатысушы «Адамда Отан жалғыз», «Көшбасшы - бұл...», «Патриот деген кім?» деген тақырыптардың біріне эссе жазды.
«Байқауға барлығы 48 мектеп қатысты. Сараптау комиссиясы тест бойынша жоғары балл жинаған және өз жұмыстарында (эссе) дүниетанымдарын, мәдени, психологиялық ұстанымдарын таныта білген 20 оқушыны анықтады», - деді «Астана дарыны» АҒТО МКК директоры Майра Құрманбаева.
Оның айтуынша, келесі кезең - қатысушыларды финалдық кезеңге дайындау. Ол қараша айының екінші онкүндігінде өтеді.
Байқаудың финалдық кезеңіне Тұңғыш Президент Күніне арналған сұрақтар енгізіліп, «Бәйге», «Тарихтағы ұлы тұлғалар», «Блиц-турнир» және «Шешен» деген бөлімдерден тұрады.