Елорда - мемлекет дамуының локомотиві
АСТАНА. 6 маусым. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының тыңдаушылары дәріс алумен қатар елордамыздың көрікті мәдени-тарихи орындарын аралап көрді.
Еліміздің әр өңірінен жиналған азаматтар әуелі Ашаршылық құрбандарына орнатылған ескеркішке барып, 1931-1932 жылдары қолдан жасалған алапат аштықтан көз жұмғандардың рухына тағзым етті.
Одан соң академия тыңдаушылары Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің мұражайында, «Бәйтерек» кешенінде болды. Елорданың бас қақпасы - «Ел салтанаты» және «Қазақ Елі» монументін тамашалады. Бұл мәдени іс-шара Есіл өзенінде қайықпен серуендеумен аяқталды.
Алматы қаласы Медеу ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Наржанов мемлекеттік қызметте жүрген кезде осындай ұйымдастырылып жатқан рухани-мәдени шаралардың тәжірибе алмасу үшін берері мол екенін айтты.
«Оқудан бөлек, Астана қаласы әкмшілігі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен экскурциялық шаралар өтті. Елдің аузында жүрген ару қаламыз - Астананың зәулім ғимараттарын, мәдени орталықтарын аралап, керемет әсер алдым. Теледидардан көріп, радиодан естіп жүргеніміз бір бөлек, көзбен көріп, танысуымыз тіптен бөлек. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің мұражайында бұрын болған жоқ едім. Елбасының жұмыс орнын көріп, мемлекетіміздің жаңа Елордасының алғашқы жылдарын, еліміздің жаңа мыңжылдыққа қадам басқан кездегі атқарылған істермен жан-жақты таныстым. Елбасымыздың жоспарлы, жүйелі еңбегінің арқасында бүгінгі таңда осындай нәтижелерге жетіп отырмыз. Астанадан алған әсеріміз көп. Елордамызда жасалып жатқан игі істерді қолымыздан келгенше өзіміздің жұмыс орнымызда, жүрген ортамызда жүзеге асырсақ, ел сенімінен шыққанымыз болып есептелері сөзсіз. Еліміздің барлық өңірі Астанаға қарап үлгі алады»,- деді Нұрлан Наржанов.
«Елорда мемлекет дамуының локомотиві екеніне көзіміз жетті»,- дейді әр өңірден келген азаматтар.