Елорда мен Алматыда 11 ірі нысанға «мина қойған» тұрғын сотталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әуе және темір жол көлігі нысандарында терроризм актісі туралы 20-дан астам көрінеу жалған хабарлама тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елорда мен Алматыда 11 ірі нысанға «мина қойған» тұрғын сотталды

ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, биыл ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы, яғни терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау бойынша 22 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді.

Департаменттің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ерлан Әлімовтің айтуынша, бұлардың басым көпшілігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

Е. Әлімов биылғы шілде айында Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы №2 сотының шешімімен Қостанай облысының 36 жастағы тұрғыны ҚР ҚК 273-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалғанын жеткізді.

Аталған ер адам сәуір айында өзінің IT саласындағы білімін пайдалана отырып, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы 11 ірі нысанға «мина қойылғаны» туралы хабарлама таратқан.

«Сонымен қатар, экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері деструктивті діни ағымдарды ұстанушылар жасаған 27 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Бұған қоса, теміржол ұйымдары қызметкерлерінің әлеуметтік желілеріндегі жеке парақшаларында діни материалдарды сақтаудың 5 дерегі белгілі болды», - деді Е. Әлімов.

«Барлық құқық бұзушылықтар бойынша ҚР ӘҚБК 490, 453-баптарымен әкімшілік жауапкершілік шаралары қолданылды және сот әрқайсысына әкімшілік айыппұл салды», - деп түйіндеді сөзін полиция полковнигі.

Еске сала кетейік, терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама таратқаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінде 5 мың АЕК мөлшерінде айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына жіберу, не бес жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.