Елорда мен Ертіс-Баян өңірі арасында ұшақ байланысы қайта жанданады

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - 29 қазаннан бастап Павлодар мен Астана қалалары арасында жолаушылар ұшағы қатынай бастайды деп күтіліп отыр. Бір аралыққа билет құны - 15 мың теңге.

Президент ұшағы, ұшақ
Фото: akorda.kz

Павлодарлықтар 29 қазаннан бастап елордаға ұшақпен қатынай алады. Рейстерді Scat әуе компаниясы мойнына алып отыр.

- Елордаға әуе кемесімен қатынау бір жолаушы үшін 15 мың теңгені құрайды. Scat әуе компаниясының ұшақтары аптасына үш рет: сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері ұшады. Атап айтқанда таңертең сағат 9.25-те Астанадан ұшып шықса, сағат 11.25-те Павлодардан кері ұшады. Билеттер қазірдің өзінде сатылымға шығарылды,-деп хабарлады өңірлік жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан.

Қазіргі уақытта Павлодардан ұшақтар тек Алматы қаласына ғана қатынайды. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Павлодар әуежайы ұзақ уақытқа жабылуы мүмкін екені туралы жазғанбыз. Жоспар бойынша, әуежайдың жолаушыларды өткізу мүмкіндігін кеңейту үшін әуежай ғимаратын және ұшақ қонатын жолағын толықтай жаңарту көзделген. Дейтұрғанмен негізгі жөндеу жұмыстары келесі жылға шегерілді.

Бұған қоса, биыл жазда Павлодар әуежайы ғимараттағы орындарды жалға беру құнын заңсыз өсіргені үшін қомақты айыппұл арқалады.

Ал оның алдында Павлодар әуежайы бюджеттің 142 млн теңгесін негізсіз жұмсауға талпынған.

Соңғы жаңалықтар