Елорда мерекесінде «Айналайын» балалар қалашығы ашылмақ

АСТАНА. Маусымның 19-ы. ҚазАқпарат /Райхан Қоңыр/ - Астана күні шілденің 4- 6-сы аралығында, яғни үш күн бойы тойланатын болады,

Елорда мерекесінде «Айналайын» балалар қалашығы ашылмақ
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Студенттер саябағында, Миллениум скверінде және Қаржы министрлігі алаңында ертеңгі сағат 11-де басталатын той қаланың әр түкпірінде жалғаспақ. Ал кішкентай астаналықтарға арналып «Айналайын» қалашығы жұмыс істейді. Қала басшыларының айтуынша, бұл шара алдағы жылдары тұрақты түрде өткізілмек. Сол күні балалардың қуанышын еселеу үшін цирк әртістері мен биіктігі кісі бойындай үрленген қуыршақтар және ертегінің кейіпкерлері өнер көрсетеді. Бұл күні ойын аттракциондары тегін болады. Сонымен қатар, балалардың өздері қатысатын ойындар да ұйымдастырылады. Жас суретшілер, жас авиақұрастырушылар өздерінің біліктіліктерін көрсете алады. Балалардың арасында «Мен Астананы саламын» атты сурет байқауы өткізіліп, ойындар, викториналар өткізіледі. «Әкем, анам бәріміз ? тату-тәтті отбасымыз» атты байқау болады. Өнерлі балалар өз құрбыларына арнап ән салып, тақпақ айтып, би билеп береді. «Айналайын» балалар қалашығы той күндері күндізгі сағат 11-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Күн сайын әр саябақта кемінде екі концерттен болады.