Елорда мұражайларында Ашық есік күні өтуде
АСТАНА. 18 мамыр. ҚазАқпарат - Жыл сайын 18 мамырда әлемнің мұражай қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекелері - Халықаралық мұражай күнін атап өтеді. Бұл мереке тұңғыш рет 1977 жылы халықаралық мұражайлар кеңесінде (International Council of Museums, ICOM) мәдени мереке ретінде бекітілген болатын. 1978 жылдан бастап халықаралық мұражай күні әлемнің 150-ден астам елінде атап өтіле бастады.
Биылғы жылы Халықаралық мұражай күні «Ашылу» ұранымен ұйымдастырылуда. Бұл істен Астана мұражайлары да тыс қала алмады. Бүгін елордадағы Қазіргі заман өнері мұражайында бұрынғы жиынтықтардан алынып, бірегей «Неформат» көрмесі өткізілуде. Онда Қазақстан, Ресей, Украина суретшілерінің 1950 мен 1977 жылдар аралығында салынған көркем, тарихи құндылықтарын білдіретін 17 өнер туындысы қойылған. Кіру барлық келушілерге тегін, деп хабарлады Астана қаласының ресми сайты.
Бүгін, сондай-ақ, «Назарбаев орталығы» ММ-де Халықаралық мұражай күні құрметіне Ашық есік күні өтуде. Іс-шаралар аясында мұражайдың кез келген бөліміне бас сұғып, «Мұражай: ғасырлар тірегі» кітап көрмесімен танысуға болады. Сонымен қатар, халық ұлт аспаптар ансамблінің орындауында халық әндері орындалатын концерт ұйымдастырылады.
Салтанатты іс-шараға белгілі саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері, Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары, басқа да адамдар шақырылған.